АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров бас көлік прокуратурасына және облыс прокурорларына жолаушылар тасымалдау саласын тексеруді тапсырды.
"Жолаушыларды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау саласына жасалған талдау бұл салада жүйелі заң бұзушылықтар бар екенін көрсетті", — деп хабарлады бас прокуратура.
Ресми хабаралмада елімізде тасымалдау саласында техникалық тұрғыдан жарамсыз және заңсыз қайта жабдықталған автобустар қызмет көрсететіні жазылған, олардың рұқсат құжаттары жоқ және жол қозғалысы, жолаушыларды тасымалдау және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды.
Аталған шаралар жолаушы тасымалдау талаптарын өрескел бұзатын тасымалдаушылардың жолын кесуді, сондай-ақ жолдардағы апаттар мен төтенше жағдайларды азайтуды көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 18 қаңтарында Ақтөбе облысында жолаушылар автобусының өртенуі салдарынан 52 адам қаза болып, 5 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.