Оқиға

Өзбекстан билігі Ақтөбедегі трагедияға не себеп болғанын айтты

52 өзбекстандықтың өмірін жалмаған автобустағы өрттің себептері аталды
Sputnik

АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Өзбекстан билігі Ақтөбе облысында автобустың өртену себептері айтылған қаулыны жариялады, деп хабарлайды РИА Новости.

Ақтөбедегі трагедиядан кейін Қазақстандағы барлық рейстік автобус тексеріледі
"Өрттің негізгі себептері мыналар: автобустың техникалық жарамсыздығы, жылу болмаған; жеңіл тұтанатын заттардың болуы; өртке қарсы жабдықтардың пайдалануға жарамсыздығы; автобусқа жүктің шамадан тыс тиелуі; автобус салонындағы жүретін жолға жүкті үйіп тастау; қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша профилактикалық шаралардың қолға алынбауы", — деп жазылған қаулыда.  

Қаулыға сәйкес, шетелге жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автомобиль көлігінде Өзбекстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен айналысатын республикалық комиссия құрылды.  

2018 жылдың ақпанынан бастап көрші елде шетелге шығатын автобустар мен микроавтобустарды рейсалды тексеру шаралары жүргізіледі. 

Еске сала кетейік, 18 қаңтар күні сағат 10.30 кезінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы Қалыбай ауылынан он шақырым жерде жолаушылар автобусы өртеніп кетті. Автобуста 57 адам болған. Оқиға орнында 52 адам –  Өзбекстан азаматтары қаза тапты.