АСТАНА, 24 қаңтар — Sputnik. Түркістанда іздеуде болған қызды өзін "таксистпін" деп таныстырған жас жігіт айуандықпен өлтірген. Осылай деп ашынған марқұмның туыстары күдіктіні үш бірдей қылмыстық іс бойынша жауапқа тартуын талап етті, деп хабарлайды Otyrar.kz.
"Денесін Достық ауылының шетінен тапқан. Қызымның мәйітін өзім көрдім. Айуандықпен ұрып өлтірген. Адам шошырлық күйде. Бет аузы көгеріп кеткен. Қызымды әрең дегенде таныдым. Бет әлпеті мүлдем көрінбейді", — дейді марқұмның әкесі Жақсылық Жұмабеков.
Әйгерім Тасболатоваға туысқандары осы жылдың алтыншы қаңтары күні іздеу салған. ІІБ арызданып, тіпті прокуратура қызметкерлерінен көмек сұрапты. Арада бір жеті өткенде полицейлер Түркістан қаласындағы сауда орталықтарының бірінен қыздың ұялы телефонын табады. Сөйтсе ұрлықы телефонды сатушыға "таксист" жігіт арзан бағаға сатып кеткен екен. Бірақ сатушы Әйгерімнің ұялы телефонын ұстап жүрген жігітті суретке түсіріп алған. Осы суреттің арқасында қанды қылмыс жасады деген күдікті бірден ұсталып, қамауға алынған.
"Сараптама тағайындалды. Осы іс бойынша 1992 жылғы жергілікті тұрғын үсталды. Марқұм қыздың ата-анасы 11 қаңтар күні арызданған. Ал күдіктінің өзі екі аптадан кейін ұсталып отыр", — деп түсіндірді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қарагөзова.
Жұмабековтар отбасы қыздарын өлтірген азамат заң алдында бірнеше іс бойынша жауап берсін деп талап етуде. Өйткені күдікті қыздың ұялы телефоны мен ақшасын қолды етіп, кейін оны зорлап өлтірді дейді. Бірақ бойжеткеннің зорлық көргенін растау үшін сараптама жұмыстарының қорытындысы қажет.