Экономика

Енді пәтерді жалға беретіндер екі есе аз салық төлейді

1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінде қазақстандықтар үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған
Sputnik

АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда пәтерді жалға беретіндер үшін салық мөлшері азайтылды. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Пәтерді заңды түрде жалға беру (патент) тиімді болады. Бұрын табыстың 2 пайызын төлеу қажет болатын, енді мөлшерлеме екі есе азайды. Бұл шағын бизнес үшін патент режимі", — деді Дәленов ОКҚ-де өткен брифингте. 

Жетім балаларды асырап алғандар табыс салығынан босатылады
Оның айтуынша, министрлік мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп пәтерді заңсыз тапсыратындар санын азайту бағытында жұмыс жүргізеді. 

"Салықтан жалтаруға қатысты айтар болсам… Ақшаны тек министрлік немесе бюджет жоғалтпайды. Сіз бен біз жоғалтамыз. Себебі бұл бәрімізге ортақ ақша. Қоғам салықтың арқасында өмір сүреді. Әрине, заңды түрде жалға бергеннен кейін есептілік, анықтама секілді ұсақ-түйек шаруалар көбейеді. Сондықтан біз мемлекеттік кірістер комитетімен осы процедураларды жеңілдету бағытында жұмыс жүргіземіз. Сонда пәтерді заңсыз жалға беретіндер саны қысқарады деп ойлаймын", — деді бірінші вице-министр.