Қоғам

Мәдениет министрлігі блогерлер мен латын әліпбиіне қатысты пікір білдірді

Мәдениет және спорт министрлігі латын әліпбиіне көшу барысында түсіндіру жұмысымен айналысқан блогерлерге ақша төлемейді
Sputnik

АСТАНА, 18 қаңтар — Sputnik. Латын әліпбиіне көшу барысын халыққа түсіндіру жұмысына жұмылдырылған блогерлерге қаражат бөлу туралы ақпарат жалған, оны электронды үкімет порталына қойған адам жазаланады, деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі Sputnik Қазақстан агенттігіне.

Блогерлер латын әліпбиі туралы пост жазғаны үшін миллиондаған теңге алады

Бұдан бұрын порталда жарияланған мәліметке сүйенсек, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру барысында әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қатысатын блогерлерге 462 миллион 600 мың теңге төленеді деп жоспарланған. Бұл іске жауапты орындаушы ретінде Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі аталған болатын.  

"Электронды үкімет порталында 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әліпбиіне біртіндеп көшіру бойынша шаралар жоспарының бекітілмеген жобасы жарияланды. Әлеуметтік желілердегі жұмыс үшін қаржы бөлу қарастырылмаған", — деп хабарлады мәдениет министрлігі.

Ағаттық жіберген ведомство қызметкері жазаланатын болады. Жоспардың бекітілген жобасы жақын арада электронды үкімет порталында жарияланбақ.