АСТАНА, 18 қаңтар — Sputnik. Қазақстан мен АҚШ ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды, деп хабарлайды қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметі.
ҚР ҚАӨМ "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ мен геоақпараттық жүйелердің сапасы мен өнімділігін арттыратын ақпараттық технологиялардың жетекші әлемдік жеткізушісі "Hexagon Geospatial" компаниясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумның мақсаты Жерді қашықтықтан зондау қазақстандық ғарыштық жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған заманауи геокеңістіктік ақпараттық технологиялар мен бағдарламалық құралдар саласындағы жақтардың ынтымақтастығы болып табылады.
"Ғалам" ЖШС пен спутниктік байланыстың жерүсті инфрақұрылым саласындағы әлем көшбасшысы "iDirect" компаниясының арасында да ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Аталған Меморандум түрлі мақсаттағы спутниктік байланыс жүйелерін, сондай-ақ өзара қызығушылығын тудыратын басқа да өнімдер мен қызметтерін жасау кезіндегі жақтардың ынтымақтастығы мен өзара іс-әрекеттілігін көздейді.
"Бұдан басқа, ҚР ҚАӨМ "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ басшылығы "ESRI" компанияның өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында "ESRI" серверлік платформасын Қазақстан Республикасының ғарыштық бақылауында қолдану мүмкіндіктері, сонымен қатар ҚР ЖҚЗ жүйесінің ғарыштық суреттерін жүзеге асыруға байланысты мәселелер талқыланды.