АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекеттер басшылары әңгіме барысында әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі ахуал жөнінде пікір алмасып, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы қазан айындағы Сауд Арабиясына ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады.
Сонымен қатар, Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд Қазақстан Президентін Астанадағы "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің және Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінің табысты өтуімен құттықтады.
Сондай-ақ, екі ел басшылары өзара сапар жасау тәжірибесін жалғастыру жөнінде уағдаласты.
Телефон арқылы сөйлесуге Сауд Арабиясы жағы бастамашы болды.