Өңірлер

Үштөбеде ағасы түсіне кіріп, ұйқы бермеген жігіт полицияға өзі берілді

27 жастағы жігіт өзі өлтіріп қойған ағасы түсіне кіріп, маза бермеген соң қылмысты мойындауға мәжбүр болған
Sputnik

АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik. Үштөбе тұрғыны полицияға қоңырау шалып, Алматы облысында немере ағасын өлтіргенін мойындады, деп хабарлады өңірдің ІІД баспасөз қызметі.   

Полицияның мәліметінше, 12 қаңтар күні "102" телефонына 27 жастағы Үштөбе қаласының тұрғыны қоңырау шалып, ауыр қылмысты мойындағысы келетінін хабарлаған. Ер адам өз жауабында 2017 жылдың 16 сәуірінде немере ағасымен сөзге келіп қалып, пышақтап тастағанын, ал мәйітті жертөлеге көміп қойғанын айтты.  

Полицейлер күдіктінің үйін қарап шығып, күштеп өлтіру белгілері бар ер адамның мәйітін тапты.  

"Олар бірге спирттік ішімдік ішіп, жанжалдасып қалғаны анықталды. Қылмыстық тексеру басталды, сот-медициналық сараптама тағайындалды", — деп хабарлады баспасөз қызметі. 

Күдіктінің айтуынша, осы жағдайдан кейін тыныш ұйықтай алмаған, өлген ағасы әр түні түсіне кіріп, маза бермепті. Ол қамауға алынды.