АСТАНА, 15 қаңтар — Sputnik. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, 1972 жылғы Мюнхен ойындарының жеңімпазы Әлжан Жармұхамедов "Астана" баскетбол клубының шақыруымен Астанада болды, деп хабарлайды Елорда инфо.
Бүгінде Мәскеуде тұратын атақты баскетболшы алдымен "Астана" баскетбол клубы академиясында тәлім алып жүрген жасөспірімдермен кездесті. Баскетболға арбалған балалардың сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл-кеңесін берді. Содан кейін шеберлік сабағын өткізді.
Әлжан Жармұхамедов – КСРО құрамасы сапында Олимпиада финалында АҚШ құрамасын тұңғыш рет ұтқан, тарихи матчқа қатысқан әлемдегі ең үздік баскетболшылардың бірі. Дәл осы ойын туралы түсірілген "Жоғары өрлеу" фильмін атақты спортшы "Астана" командасының негізгі ойыншыларымен және академия тәрбиеленушілерімен бірге тамашалады.