АСТАНА, 13 қаңтар — Sputnik. Астанада жас жігітті тонаған Жамбыл және Ақмола облысының тұрғындары санаулы минутта қолға түсті, деп хабарлайды елорданың ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
13 қаңтарда жиырма жастағы қала тұрғыны полицияға арыз бергендей, 00:05 кезінде Мәскеу көшесі бойындағы үй подъезінде екі ер адам қоққан-лоқы көрсетіп, пышаққа ұқсас затпен қорқытып, ұялы телефон, сағаты мен ақшасын тонап кетіпті.
Арыз түскен бойда, Астана ІІД "102" полиция каналы тонаушыларды камерамен бақылап, полиция экипажына мағлұмат беріп отырды.
Жиырма бір жастағы екі күдікті ұсталып, Сарыарқа ауданы ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалған. Біреуі Жамбыл, екіншісі Ақмола облысынан екен.
Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.