АСТАНА, 12 қаңтар — Sputnik. Шымкентте бірнеше салымшының ақшасын заңсыз иемденіп кеткен банк басшысы іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу барысында анықталғандай, 45 жастағы Нұржан Бауыржанұлы Көлбаев банктердің бірінің филиалын басқарған. Банк басшысы алаяқтық жолмен салымшылардың ақшасын иемденіп, белгісіз бағытта жасырынған. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы 4-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда полицейлер күдіктінің тұратын жерін анықтау бойынша барлық қажетті жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Күдіктінің белгілері: бойы 170 сантиметр, шашы қара, көзі қара. Ерекше белгілері жоқ.
Полицейлер күдікті 1973 жылғы Нұржан Көлбаевқа қатысты қандай да бір ақпарат білетіндерден мына 8-(7252)-97-60-09, 8-777-612-32-44 немесе "102" телефон нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.