АСТАНА, 12 қаңтар — Sputnik. Батыс Қазақстан облысында үш адамды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған жігіт үкімге шағым түсірді, деп хабарлайды "Мой город" өңірлік басылымы.
2017 жылдың желтоқсанында 24 жастағы Әділет Қамалиев екі әйел мен 3 жастағы сәбиді өлтіргені үшін айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
"Бірінші инстанция сотының үкімі заңды күшіне енген жоқ, қазір облыстың апелляциялық коллегиясына түсті", — деп хабарлады БҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қайрат Шалқаров.
Жантүршігерлік қылмыс 2017 жылдың 5 қыркүйегінде болған. Сотта айтылғандай, жігіт жас әйелді қызғанып, үш жасар ұлы және құрбысымен бірге пышақтап тастаған. Қылмысының ізін жасыру үшін үйге өрт қойып кетіпті. Сотта ол кінәсін мойындап, мас болғанын мәлімдеді.