АСТАНА, 12 қаңтар — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында теміржол өткелінде мотоциклші қаза тапты, деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты Аққайың ауданында Смирново-Тоқушы автожолының 6 шақырымындағы теміржол өткелінде болды. Мотоцикл жүргізушісі рөлге ие бола алмай, өткел қоршауына соғылған.
"Салдарынан мотоциклші, Тоқушы ауылының 33 жастағы тұрғыны оқиға орнында көз жұмды. Екі жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды", — деді ІІД-ден.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағы (Көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану ережелерін бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.