АСТАНА, 11 қаңтар— Sputnik. Германияда танымал қазақстандық пианист қыз Анастасия Дранчук студенттік визасының мерзімі өтіп кетуіне байланысты депортацияланбақ, деп жазады RBB.
Анастасия музыканттардың отбасында дүниеге келген, ата-анасы – кәсіби срипкашылар. 12 жасында талантты қыз Эйслер атындағы Берлин жоғарғы музыка мектебінен шақырту алады да, отбасымен Берлинге көшеді.
Анастасия Дранчук Германияда танымал музыкант болады. Ол оркестрмен де, жеке өзі де өнер көрсетіп, үкіметтегі салтанатты шаралардың құрметті қонағы болып, тіпті канцлер Ангела Меркельдің алдында пианинода ойнаған.
Басылымның хабарлауынша, пианист қыз бүкіл уақытын музыкаға арнап, құжаттарын реттеуге көңіл бөлмеген. Ол мерзімі өтіп кеткен студенттік визамен 16 жыл тұрған екен.
Қыздың ата-анасы уақытында құжаттарын реттеп, Германияның азаматтығын алады. Ал өнерді бірінші орынға қойған Анастасияның гастрольдер мен концерттерден қолы тимеген.
Анастасия депортация туралы ескерту қағазын желтоқсан айының соңында алған, ал Германиядан ол қаңтар айының соңына дейін кетуі керек. Музыкант қыз бұл елде қалу үшін бар күшін салмақ, ол адвокат жалдап, азаматтық алу үшін ерекше жағдайлар жөніндегі комитетке жүгініп отыр.