АСТАНА, 8 қаңтар — Sputnik. Түркия парламенті Еуропа одағындағы төрт елде исламофобияға қатысты жағдайды тергеу бойынша өз комиссиясын бекітті, деп хабарлайды РИА новости Belga агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Депутаттар исламофобия мейлінше көрініс тауып отырған мемлекеттер – Австрия, Германия, Франция және Бельгияны нысанаға алып отыр. Олар бұл елдерден жергілікті жерде тергеу жүргізуге рұқсат алуды жоспарлап отыр. Комиссия 9 қаңтарда жұмысқа кіріседі.
Басылымның жазуынша, түрік парламентінің бастамасы Австрия азаматтарының нәсілшілдік пікірлеріне жауап болып отыр. Осы елде 2018 жылы туған алғашқы сәбидің ұлты түрік деген ақпараттан кейін жағымсыз сөздер көп айтылған.
Мұсылмандарға киліккен Австрия алғаш рет айыпталып отырған жоқ. Өткен жылы маусымда сол кезде сыртқы істер министрі болған Себастьян Курцтің республикадағы мұсылман балабақшаларын жабу туралы ұсынысы көпшіліктің сынына ұшыраған болатын.