АСТАНА, 7 қаңтар – Sputnik. Ядролық шабуыл немесе табиғи апат салдарынан Жер бетіндегі барлық атом электр стансасы бір мезетте жарылса, ғаламшар 156 жыл бойы елсіз мекенге айналады. Бұл туралы британияық ғалымдардың Journal of Physics Special Topics басылымында жарияланған мақаласында айтылған.
"Сотня" сериалының 4-маусымының соңында Жердегі барлық ядролық электр стансасы жарылып, хикая кейіпкерлері ядролық апаттан сақтану үшін ғарышқа ұшып кетеді. Сериалдың басты кейіпкері сол кезде ғаламшарға 2199 күннен кейін ғана оралуға болатынын мәлімдеген еді. Біз мұның қаншалықты шындыққа жақын екенін тексеріп көрдік", — деп жазады мақала авторлары.
БҰҰ мен МАГАТЭ-нің соңғы деректеріне сүйенсек, атом электр стансалары электр энергияның жалпы санының 11%-ын өндіреді. Қазір Жер бетінде шамамен 430 стационарлық АЭС пен 200-ге жуық қалқымалы реактор бар. БҰҰ климатологтарының болжамынша, қазіргі жүзжылдықтың ортасына қарай реакторлар саны екі еселеніп, 898-ге жетеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Зерттеу бойынша, цезий-137 мен басқа да изотоптардың ауаға таралуынан Жер беті адамзатқа, телехикаяда айтылғандай, бес жыл емес, бір жарым ғасыр бойы қауіп туғызады.
Ядролық реактор жарылғаннан кейін алғашқы жылдары радиация деңгейі қалыпты нормадан 35 есеге жоғары болады. Тек шамамен 50 жылдан кейін ғана радиациялық фон шартты қауіпсіз мәнге дейін төмендейді екен.
Ғалымдар шынайы өмірде мұндай апат болуы мүмкін емес екенін атап өтті – қазіргі ядролық реакторлардың дені бірнеше қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.