АСТАНА, 7 қаңтар — Sputnik. Алматыдағы Солтүстік айналма жолда екі жеңіл көлік соғысып қалып, салдарынан төрт адам зардап шекті, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға куәгерлер.
Солтүстік айналма жолындағы Победа көшесінің қиылысында, "КамАЗ-орталыққа" жетпей, екінші дәрежелі жолда келе жатқан Daewoo Nexia автокөлігі жақындап қалған BMW-ні өткізбеген. Неміс көлігінің жүргізушісі әрекет етіп үлгермей, Nexia-ның бүйірінен соққан.
Куәгерлердің айтуынша, Daewoo жүргізушісі мен жолаушысын шығару үшін есікті бүгуге тура келген.
Сонымен қатар, BMW жүргізушісі мен жолаушысы зардап шекті. Төртеуі де ауруханаға жатқызылды.