Оқиға

Астанада 8 адам мінген лифтінің не себепті құлағаны анықталып жатыр

Жаңа жыл күні елордадағы көп қабатты үйлердің бірінде лифт құлады
Sputnik

АСТАНА, 6 қаңтар – Sputnik. Тұрғын үй инспекциясының ақпаратынша, тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін компания ескертуге қарамастан лифтілерді есепке қою бойынша тиісті жұмыс жүргізбеген, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

Астана әкімдігі: лифт техникалық ақауларға байланысты тоқтаған

31 желтоқсанда Тәуелсіздік 38/2 көшесінде орналасқан үйдің бірінші кіреберісінде лифт құлады. Оқыс оқиға кезінде лифтінің ішінде 8 адам болған. 

Оқиға орнына тұрғын үй басқармасының басшысы барып, зардап шеккендермен және лифтінің құлау себебін анықтау бойынша мүдделі органдармен кездесті. 

Қазіргі таңда аталған фактіге қатысты толық техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. 

Белгілі болғандай, "GLIFT" маркалы құлаған лифт 2013 жылы Түркияда жасалған. Оған қызмет көрсетумен "Бегенов" ЖК сервистік лифті компаниясы айналысады. Аталған тұрғын үйдің басқару органы – "Тоқабаев" ЖК.  "Бегенов" ЖК-мен келісімшарт бекіткен де солар. 

"Астана қаласы тұрғын үй инспекциясы басқармасы 2017 жылдың мамырында "Тоқабаев" ЖК басқару органына қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер) пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертілді. Алайда "Тоқабаев" ЖК "Азаматтық қорғау туралы" ҚР заңына сәйкес тұрғын үй инспекциясында лифтілерді есепке қою бойынша тиісті жұмыс жүргізбеген", — деп атап өтті ведомстводан. 

Қала әкімінің тапсырмасымен былтыр Астанада тұрғын үй инспекциясы 500-ден астам лифтіні тексерді. Тексеріс нәтижесі бойынша 25 ПИК пен лифті компанияларына қатысты әкімшілік шара қолданылды. 

"Тәуелсіздік, 38/2 көшесінде орналасқан үйдің лифтілері тексерілген жоқ, себебі тұрғындар тарапынан инспекцияға шағым түспеген", —деді қалалық инпекциядағылар.