АСТАНА, 6 қаңтар — Sputnik. Қарағанды облысында тағы бір бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды КТК.
Қарағанды облысында қаңтар басталғалы осымен екінші бала ауруханада көз жұмды. Теміртауда 1 жарым жасар сәби дәрігерлердің қолында шетінеп кетті. Қызуы көтеріліп, ауруханада жарты күн жатқан кішкентай Асланның өміріне дәрігерлер араша түсе алмаған.
Ата-анасы баланың денсаулығына бей-жай қараған дәрігерлер кінәлі деп отыр. Өйткені олар көз алдарында әлсіреп бір тәулік жатқан балаға ем табуға тырыспаған көрінеді. Ақ халаттылар ауруханада ажал құшқан бүлдіршін тағамнан уланды дегенді айтады.
Дәрігерлердің сол күнгі әрекетіне баға беретін комиссия тексеруді бастады.