АСТАНА, 5 қаңтар — Sputnik. Қызылорда облысы қорғаныс істері департаментінің басшысы бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлады мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин.
Ведомствоның мәліметінше, полковник, облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Әскери қызметкер 600 мың теңгеден асатын көлемде бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді.
"Күдікті 2017 жылдың қарашасынан желтоқсанына дейін өзінің қарамағындағы қызметкерлерден кезекті әскери атақты бергені, тәртіптік жауапкершіліктен босату және қызметте жалпы қамқорлық жасау үшін жүйелі түрде (бірнеше рет) 20-150 мың теңге көлемінде ақша алып отырғаны анықталды", — деп хабарлады Жахин.
Қорғаныс істері департаментінің басшысы 2018 жылдың 4 қаңтары күні ұсталып, уақытша ұстау абақтысына жабылды. Тергеу жүргізіліп жатыр.