АСТАНА, 5 қаңтар — Sputnik. Әлеуметтік желіде пайда болған видеода белгісіз біреулер ақбөкенді көлікпен қуып, кейін әбден қалжыраған жануарды мазақ қылып, суретке түскен.
Болған жайт туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жариялады. Желіге салған видеода бір топ жігіт пен бала зәресі ұшып, әбден қалжыраған ақбөкенге тиісіп, мәз-мейрам суретке түсіп жатыр.
"Мына видеодағы адамдарды таныған болсаңыздар, маған хабарласыңыздар. Ақбөкендер ешқашан адамға жуымайды. Олар өте сақ жануарлар", — дейді ведомство өкілі желі қолданушыларына.
Осы видеодағы бір жігіттің айтуынша, оқиға Қорғалжын қорығындағы Сұлтан көлінің маңында болған.
Видео кейіпкерлерінің кім екенін анықтау үшін барлық дерек полицияға тапсырылды.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің өкілі атап өткендей, жануарларды қорлап, қиянат жасаған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады.