Қоғам

Астанада Нұржолдағы тұраққа көлік қою қанша тұратыны белгілі болды

Жұмыс күндері әр сағаты 100 теңге, демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлік қою тегін
Sputnik

АСТАНА, 3 қаңтар — Sputnik. 2018 жылдың 15 қаңтарында елордада ақылы көлік тұрағын енгізу бойынша "Астананың көлік тұрағы кеңістігін басқару" жобасы іске қосылады. Жобаның алғашқы кезеңі аясында "Нұржол" желекжолында көлік тұрағы жұмысын бастайды деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.    

"Машинаны сағат таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін тұрақта қалдырғаны үшін жүргізушілер әр сағатқа 100 теңгеден төлейді. Төлем тұрақ сессиясы  басталған сәттен бастап,  алғашқы  отыз минут ішінде жүзеге асырылуы  тиіс. Демалыс және мереке күндерінде тұраққа көлік қою тегін.  Тұрақты пайдалану тәртібі,  төлем тәсілдері және паркоматтар орналасқан орындар туралы ақпаратты www.2888.kz. сайты арқылы, сондай-ақ, 8(7172) 57 64 81 тегін нөміріне хабарласып білуге болады", — деп жазылған хабарламада. 

Астанада ақылы тұрақ орындары белгіленді

Автотұрақтар аумағында мына көлік құралдарын тегін қоюға болады: тиісті тану белгілері, түрлі-түсті  графикалық бояулары  және жазулары бар жедел қызметтердің (жедел медициналық көмектің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің) көліктері; "Алтын қыран" және "Халық қаһарманы" ордендерімен марапатталған тұлғалардың атына тіркелген көліктер; бала кезінен мүгедектігі бар азаматтардың және І, ІІ топтағы мүгедектердің атына тіркелген арнайы көліктер. Мүгедектердің көліктеріне лайықталған орындар тиісті жол белгілерімен немесе таңбаларымен белгіленген.

Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы қатысушыларына, белсенді армияның құрамына кіретін  әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілерге, сондай-ақ, жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлерлеріне; "Алтын алқа" және "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған немесе бұдан бұрын "Батыр ана" атағын алған, I, II және III дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналардың атына тіркелген көлік иелері, Семей ядролық полигонында ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен  адамдар, әскери қызметтен босатылған немесе әскери дайындықтан өткен, Ауғанстандағы және  жауынгерлік әрекеттер орын алған басқа да елдерде интернационалдық  борышын өткерген азаматтар ақысыз тұрақты пайдалана алады.