Әлем

Рымбаева Ресей сахнасында қазақстандық әншімен бірге ән салды – видео

© Sputnik / Тимур БатыршинКазахстанская певица Роза Рымбаева
Казахстанская певица Роза Рымбаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.10.2021
Жазылу
Роза Рымбаева сахнаға шығар алдында екінші әнші ер адам болса екен деген тілегін білдірді, алайда әйел болса да бірлесіп әнді орындап шығатынын жеткізді

АЛМАТЫ, 18 қазан – Sputnik. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Қазақстаннан шыққан Анатолий Цоймен бірге ресейлік "Дуэты" шоуында ән салды.

"Россия 1" арнасындағы "Дуэты" шоуының ерекшелігі – мұнда танымал әртістер өзінің кіммен ән салатынын білмейді. Екі орындаушының ортасында ән аяқталғанша биік қабырға тұрады, ол тек әннің аяқталуына санаулы секунд қалғанда ашылады.

Бұл жолы қазақстандық қос әнші бір сахнада ән айтамыз деп ойламағаны анық көрінді. Роза Рымбаева сахнаға шығар алдында екінші әнші ер адам болса екен деген тілегін білдірді, алайда әйел болса да бірлесіп әнді орындап шығатынын жеткізді.

"Маған өзімнің тыңдармандарым арасында ең танымал "Любовь настала" әнім түсті. Бұл әдемі әнді орындау арқылы вокалдық мүмкіндік пен сезімді көрсетуге болады. (...) Бұл әнді ер адаммен орындағым келеді. Біз бір-бірімізге сәйкес келеміз бе деп уайымдап тұрмын. Ресей ғана емес, бүкіл Қазақстан мені көріп отыр, енді масқара болмау керек. Мен масқара болсам, қазақтар мені кешірмейді", - деді Роза Рымбаева сахнаға шығар кезде күліп.

Қабырғаның екінші жағында тұрған әншіні тек Роза Рымбаева ғана емес, шоу көрермендері де білмеді. Ән аяқталуға жақындағанда ортадағы қабырға түсірілді. Бір-бірін бір сахнада көрген қазақстандықтар таңданысын жасырмады. Анатолий Цой ән айтуын тоқтатып, бірден Роза Рымбаеваны құшақтап алды.
"Не деген тосын сый, достар! Роза Рымбаева – Қазақстанның халық әртісі", - деді ән аяқтала салысымен көрермендерге қарап.

"Ол (Анатолий Цой – Sputnik) менен бір октаваға жоғары ән салды. Мен таңғалдым. Құлап қала жаздадым. Жарайсың, балақай!", - деді Роза Рымбаева Цой туралы.

Ал Анатолий Роза Рымбаевамен бірге ән айту көптен күткен арманы екенін жеткізді.

"Жас кезімнен Роза Қуанышқызының жанкүйерімін. Мен бүгін ол кісімен бірге ән айтамын деп ойламадым. Шоу маған мереке сыйлады", - деді ол.

Шоу жүргізушісі Николай Басков әншілердің шоуынан кейін Қазақстанда талантты адамның көп екенін айтып, елге жалынды сәлем жолдады.

Анатолий Цой Алматыда дүниеге келген. Ол бірнеше рет музыкалық жобаға қатысып, өзін сахнада сынап көрді. Ресейлік "Хочу к Меладзе" шоуына қатысқаннан кейін кеңінен танылды. MBAND тобының әншісі болды. Ол сондай-ақ Ресейдегі алғашқы "Маска" шоуының жеңімпазы атанды.

Жаңалықтар
0