14:16 15 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD430.99
  • EUR515.29
  • RUB5.69
Ресейде
Қысқа сілтеме алу
119 0 0

2014 жылы Ресей президенті қырымдықтардың ниетін ескере отырып сәйкес шешім шығарды. Ол азаматтардың басым бөлігі бұл идеяға қолдау көрсетіп отырғанын түсінді, деді Қырым басшысы

Қырым мен Севастополь түбектің Ресей құрамына кіруінің жеті жылдығын атап өтуде. РИА Новости агенттігіне берген сұқбатында Қырым басшысы Сергей Аксенов өңірдегі билік курорт маусымы басталар шақта шағын қонақ үйлердің иелеріне қандай мүмкіндіктер ұсынылатынын айтты. Мемлекеттік қызметке қабылданатын шенеуніктердің міндеттері туралы жоспарымен бөлісті. 

Сергей Валерьевич, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жақында жүргізген сауалнамаға сәйкес, ресейліктердің 81 проценті Қырым мен Ресейдің қосылуына оң пікір білдірсе, 40 проценті мұны тарихи әділдік деп санайтынын көрсетті. Сіз қандай баға бересіз? 

— Тарихи әділдік. Қолдаудың да басым болуы сондықтан. Қырым барлық кезде Ресейдің жері болды. 1954 жылы Хрущев Қырымды УКСР қарамағына беру туралы шешім қабылдады. Ол кезде адамдар аса айырмашылық сезіне қоймады. Рубль ортақ болды, шекарада ешқандай тыйым болған жоқ. Жалпы соғыстан кейін адамдарды мазалаған басқа сан мың мәселе болған еді. Ал 2014 жылы президент қырымдықтардың ниетін ескере отырып сәйкес шешім шығарды. Ол азаматтардың басым бөлігі бұл идеяға қолдау көрсетіп отырғанын түсінді. 

Владимир Зеленскийдің "жұлып әкеткен жүрек" турасындағы пікірі мен "Қырым платформасы" саммитін өткізу аясында Украинамен қарым-қатынас түзеледі деп ойлайсыз ба? 

— Бұл платформалардың барлығы жалған. Оны алаяқ саясаткерлер ойлап тауып отыр. Олар бұл орындалмас арман екенін жақсы біледі. Бірақ, осы бағытта әрекетсіздік танытпас үшін қандай да бір шара қабылдап жатқандарын көрсетулері керек. Киевтегі қазіргі билік кезінде екі ел қарым-қатынасы түзеледі деп ойлаудың өзі артық. 

Украина билігі арада үлкен қақтығыс жасау мақсатында Қырымға Қара теңіз аймағындағы НАТО елдерін тартуы мүмкін бе? 

— Америкалықтар үшін қақтығыс тиімді болар еді. Бірақ олар ешқашан ол қақтығысқа қатыспайды. Бүгінде ешбір мемлекет Ресеймен соғыс жағдайдында текетіреске түсуге қауқарлы емес. Бізге еш қауіп төніп тұрмағанына сенімдімін. Америкалықтар Украина билігін барынша арандата береді деп ойлаймын. Алайда Ресей секілді Қырым да олар үшін қол жетпес биікке айналды. 

— 2020 жылы Қырымда азық-түлік, баспана бағасы шарықтап, жұмыссыздық деңгейі артты. Жақында ғана сіз логистикалық орталық құру арқылы проблемаларды шешу мүмкін болатынын айттыңыз. Сондай-ақ жаңа ойын-сауық орталықтарын да атап өттіңіз. Бұл құмар ойын аумағы емес пе? 

— Жоқ, құмар ойын аумағы емес. Мұнда "Сочи парк" пен балаларға арналған басқа да ойын-сауық орталықтары жайлы сөз болып тұр. Ол орталықтар инвесторлар есебінен жүзеге асады. Бюджет қаражаты тек инфрақұрылымға жұмсалуы мүмкін. Қырым – туристік аймақ. Ал туристер үшін көңіл көтеретін орындар құру маңызды. 

Мемлекеттік Думада шағын қонақ үйлерді заңдастыруды көздейтін заң жобасы әзірленіп жатыр. Ол қашан қабылдануы мүмкін? 

— Қазір заң жобасы соңғы мақұлдау сатысында тұр. Ресей туризмі, Роспотребнадзор мен ТЖМ өз келісімдерін берді. Апта соңына қарай соңғы нұсқасы жарияланады. Курорттық маусым басталғанға дейін заңды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Сонда осы жылы қонақ үйлер заңдастырылып, адамдар заң аясында еркін қызмет көрсете алар еді. 

Қаңтар мен ақпанда кейбір қалалардың тұрғындары рұқсат етілмеген  қарсылық акциялары үшін көшеге шықты. Бірнеше адам Симферополь орталық алаңына жиналды. Сіздің ойыңызша бұған не себеп?

— Жүйесіз оппозиция елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлаған кезде ел арасында бүлік шығаруға тырысады. Бүгінде коронавирусты инфекцияның таралуына байланысты шектеулер салдарынан азаматтардың табысы расында да біршама төмендеді. Бірақ президент қабылдап отырған шаралар тиімді екенін көрсетіп отыр. Менің ойымша, жаңағыдай қарсылықтардың барлығы батыс елдердің ұйымдастыруымен орындалуда. Алексей Навальный да америкалық арнайы қызмет тапсырмасы бойынша Ресейге келгенін жасырған жоқ. Олар ресейлік билік заң аясында оны қамауға алатынын алдын ала білді. Олар үшін халық арасында арандатушылық жүргізуге себеп болатын "құрбан" қажет болды. 

— Қырымда қоғам тұрақтылығына кедергі келтіретіндей жағдай әлі бар ма? 

— Қырымда Ресейге қосылуға о баста қарсы болған азаматтар бар. Олар көп емес. Шамамен үш процент. Естеріңізде болса, 2018 жылы Ксения Собчак Қырымды Украинаға қайтаруды көздейтін бағдарламамен президент сайлауына қатысты. Сол кезде мұндағы 17 мың адам оны жақтап дауыс берді. Міне, бұл қарсылық белгісі. 

Сондай-ақ шенеуніктердің тиімсіз әрекеттеріне назар аударуға тырысатын азаматтар бар. Кейде әділ сын да айтылып жатады. Мен ондай сәтте қателескенімізді шын мойындаймын. Бірақ кей кезде шенеуніктер қоғамның сынына әділетсіз ұшырап жатады. 

Орта буындағы мамандардың басым бөлігі өте төмен жалақыға қызмет етіп жүр. Мемлекеттік қызметтің беделі де тізеден төмен түсіп барады. 

Көп қызметтегі басшылар ауысып жатыр. Бұл жұмысқа кедергі келтірмейді ме? 

— Халық арасындағы проблемалардан бейхабар, қызметтік міндетін атқаруға құлшынысы жоқ шенеуніктің маған керегі жоқ. Егер даулы жағдай бойынша о баста жауап берсе, онда адамдар жергілікті биліктің халық үніне құлақ асып жатқанын көреді. Егер шенеунік мұндай проблемалардан басын алып қашып, ол мәселе шешілгенге дейін және мен келгенше жасырына тұруды көздесе, онда ол лауазымды тұлғаның пайдасы неде? Мен ешкім үшін жұмыс істемеймін. 

— Кадр таңдауда не мәселеге үлкен мән бересіз? 

— Нәтижелік. Содан кейін адалдық. Адалдықсыз ешқандай нәтиже болмайды. Мен әріптестеріме "барлығы жақсы болсын десең, өзің жаса" дегенді үнемі айтып отырамын. Кейбір министрліктерде мәселені түсініп алуға мүмкіндік болмайтындай міндеттер соншалықты көп емес. Әрбір аймақ бойынша мән-жайды анықтап, зерттеп, халықпен тілдесіп барып шешім қабылдау керек. Мен барлық әкімшілік басшыларына жағдайға бейімделіп алуға үш-төрт ай уақыт беремін. 

— Сергей Валерьевич, сіз өңірді жеті жыл бойы басқарып келесіз. Осы уақыт ішінде қандай оқиғалар сіз үшін ауыр болды? 

— Керчь — ең ауыр кезең. Мұнда балалардан, мұғалімдерден айырылып қалдық. Адамды қайта тірілте алмаймыз, әттең. Орны толмас қаза. Армянск, суға қатысты жағдай, электр энергиясындағы проблемалардың барлығы еңсердік. Ал Керчь – бұл аса ауыр жағдай. Қалғанының барлығын түзетуге болады. Жалпы Қырымда бірде-бір жыл төтенше оқиғасыз өткен емес. 

— Қырымды халықаралық деңгейде мойындамау алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге кедергі ме? 

— Бұл қол үзіп қалған мүмкіндіктерге қатысты болуы мүмкін. Санкциялық режим кедергі. Бірақ біз бәрібір алға жылжып келеміз. Салық салу жүйесінің негізін бюджеттік инвестициялар қамтып отыр. Әрине, бизнестің одан әрі дамығаны жақсы болар еді. Жағдай түзелетініне еш күмәнім жоқ. Біз дұрыс жолда келе жатырмыз және ешкімнің алдында тізе бүкпейміз деп санаймын. 

— Сергей Валерьевич, алдыңғы сұқбатты 2019 жылы Ялта форумында берген екенсіз. 2020 жылы пандемияға байланысты бұл шара кейінге қалдырылды. Осы жылы форум жайы не болмақ

— Осы жөнінде жиын өткіздік. Бір шешімге келген соң сіздерге хабарлаймыз. Шараға кім қатысады, кім скайп арқылы қосылады, форматы қалай болады, барлығын айтамыз. 

Сұқбаттасқан – Максим Грознов.

Загрузка...

Басты тақырып