НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз — Sputnik. Ресей долларға тәуелділіктен біртіндеп арылып келеді. Бұл жөнінде журналистерге мемлекеттік дума спикері Вячеслав Володин мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
"Мысалы, бізде ЕАЭО аясында ұлттық валютада есеп айырысу 74%-ке дейін өсті. Қытай және Түркиямен ұлттық валютадағы сауданы да жоспарлы түрде арттырып жатырмыз", - деді ол.
Төменгі палата спикері ақпан айының соңында Ресей Ұлттық әл-ауқат қоры қаражатының валюталық құрылымын өзгертіп, оған жапон йені мен қытай юанін қосқанын еске салды. Володиннің айтуынша, АҚШ доллары мен еуро үлесі 45%-тен 35%-ке дейін төмендесе, фунт стерлинг үлесі 10% деңгейінде қалды.
Бұған дейін Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко РИА Новостиге берген сұқбатында америкалық доллар Ресейдегі айналымда қалатынын, бірақ экономика оған тәуелді болмайтынын мәлімдеген болатын.
Федерация кеңесінің спикері ресейлік алтын валюталы резервтің долларға тәуелділігі баяғыдай үлкен емес екенін еске салды. Бірақ соңғы он жылда Мәскеудің Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік міндеттемелеріне салымы да 30 есе қысқарды.
СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков Блумберг агенттігіне берген сұқбатында Ресей кез келген операциялар бойынша доллардың ықпалын қысқартуы керек екенін баса айтып, "тәуелділіктен құтылу керек" деп мәлімдеді.