НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрлігі Латвия билігінің Baltnews және Sputnik Латвия порталдарының орыс тілді журналистеріне қатысты әрекеттерін сынға алды. Екі басылымда тінту жұмыстары жүрген.
Бұған дейін аталған БАҚ қызметкерлеріне Латвия қылмыстық заңының 84-бабы ("еуропалық одақтың санкциялар режимін бұзу") бойынша айып тағылғаны хабарланды. Жауап алғаннан кейін олар ешқайда кетпеу туралы қолхат берді. Оларға ақшалай айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.
"3 желтоқсанда Ригадағы Sputnik бюросының қызметкерлері мен орыс тілді журналистерге қатысты Латвия мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басқыншылық әрекеттерін демократиялық қоғамның негізі – БАҚ бостандығы мен пікір білдіруге қарсылық деп бағалаймыз. Айта кетейік, журналистерге қатысты ұстау, жауап алу және тінту жүргізіліп, қылмыстық айып тағылып отыр", - делінген СІМ ақпаратыда.
Ведомствоның хабарлауынша, Sputnik Латвия ұжымына қатысты ЕО санкциялар режимін бұзған деген айыптаулардың негізі жоқ.
"Бұл шектеулер жеке сипатқа ие," Россия сегодня" ХАА бас директоры Дмитрий Киселевке ғана қатысты және медиа холдингпен серіктестердің барлығына қатысы жоқ", - деп атап өтті министрлік.
СІМ мәліметі бойынша, "сол уақытта Baltnews ақпарат агенттігінің орыс тілді журналистері және Латвияның бірқатар қоғам қайраткеріне қысым жасалды".
"Мұның барлығы ресейліктерді жақтырмаудан туындайтын жазалаушы акция болып саналады. Мәселе ЕҚЫҰ СІМК алаңында көтеріледі", - делінген хабарламада.
Ведомствода ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі жаңа өкілі болып жатқан жағдайды назардан тыс қалдырмайтынына және Латвияға бұқаралық ақпарат құралдарына "мұндай шабуылдардың жол берілмейтіндігін", сондай-ақ "сөз бостандығын қамтамасыз ету саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау қажет екенін" көрсететініне үміт білдірді.
"Біз ЕО тарапынан тиісті шара қолданылатынына сенеміз", - деп қорытындылады Ресейдің сыртқы істер министрлігі.
"Россия сегодня" ХАА және RT бас редакторы Маргарита Симонян Telegram каналында Ресей Baltnews және Sputnik Латвия қызметкерлерін қылмыстық қудалауға қатысты жауап беретініне үміт білдірді.
Өткен жылы осыған ұқсас жағдай Эстонияда болды. Елдің полиция және шекара қызметі департаменті басшылығы Sputnik Эстония қызметкерлері бас ұйыммен еңбек қатынасын тоқтатпаса, оларға қарсы қылмыстық іс қозғалатынын айтып қорқытты.
Бұл әрекетін полиция Еуропалық Одақтың 2014 жылдың 17 наурыздағы бірқатар жеке және заңды тұлғаға қарсы санкциясымен түсіндірді. Алайда ЕО шектеулері Sputnik кіретін "Россия сегодня" ХАА-ға емес, агенттіктің бас директоры Дмитрий Киселевке қарсы бағытталған.
ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Арлем Десир бұған дейін Таллиннің Еуропалық Одақтың жеке санкцияларын Sputnik Эстония ұжымына салуға деген ұмтылысы бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі саласында проблема туғызатынын айтты.