05:45 24 Қазан 2020
Тікелей эфир
  • USD427.91
  • EUR506.90
  • RUB5.60
Ресейде
Қысқа сілтеме алу
218 0 0

Ресей стратегиялық шабуыл қаруы туралы келісімнің (СШҚК-3) сақталуын қолдайды және АҚШ-ты оның мерзімін ұзартуға шақырады. Келіссөздер жаздан бері жалғасып келеді

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Вашингтон құжатты қайта қарауды талап етті, ал Мәскеу өзгеріс енгізуден бас тартып отыр, деп жазады РИА Новости.

"Тез арада шешілуі мүмкін және шешілуге тиісті мәселе - ол, әрине, Ресей мен АҚШ-тың мерзімі 2021 жылдың ақпанында, яғни жақында аяқталатын Стратегиялық шабуыл қаруы туралы келісімнің ұзартылуы. Біз америкалық серіктестермен осындай келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - деді Владимир Путин БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясының ашылуында.

Ресей президенті елдерді жаңа зымыран кешендерін орналастыру кезінде ұстамды болуға шақырды. Өткен жылы АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шықты, содан кейін Мәскеу оларды Еуропада орналастыруға мораторий жариялады. Путин: "Мораторий АҚШ осындай шаралардан бас тартқанша сақталады" деп атап өткен болатын.

"Біз, өкінішке қарай, өз ұсынысымызға америкалық серіктестердің де, олардың одақтастарының да реакциясын әлі байқаған жоқпыз", - деді ол.

Антонио Гутерриш бірнеше рет СШҚ-3  мерзімін ұзартуға кеңес берді. Бірақ БҰҰ Бас хатшысы АҚШ-тың Қытайды келісімге қосуды талап етуіне қарсы теріс реакция танытты. Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя да америкалықтарды "үлкен қателіктерден" сақтандырды.

СШҚК-3 - ядролық технологияларды бақылау саласындағы іргелі құжат. 2010 жылы оған қол қою арқылы Мәскеу мен Вашингтон өздерінің стратегиялық арсеналдарын қысқартуға уәде берді. Процесс 70-ші жылдардың басында қырғи-қабақ соғыс кезінде қарсыластардың стратегиялық қаруды шектеу туралы келісімге (СҚШ-1) қол қойғаннан кейін басталды. Содан бері осы салада 7 екіжақты келісім қабылданды.

АҚШ оларға ешқашан сенімсіздік танытпаған, бірақ Дональд Трамптың президенттігі бәрін өзгертті. Ақ үйдің басшысы келісімдерді заманауи шындыққа барынша сәйкестендіруге тырысуда, жаңа заманға сай қарулану жолындағы "жарыстан" да қорқып отырған жоқ.

2019 жылдың тамызында АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы келісімнен шығу туралы шешімін Ресейге қарсы бағытталған шағымдарымен түсіндірді. Ең бастысы, Мәскеу құжатта тыйым салынған SSC-8 зымыранын (орыс классификациясында - 9М729) сынақтан өткізді деп болжануда. Америкалықтар бұдан басқа нақты дәлел-дәйек келтірген жоқ.  

Сонымен, олар бейресми кездесулерде проблема Мәскеуде емес екенін мойындады. Пентагон ҚХР-да орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар жасалды дегеннен күдіктеніп, Бейжіңнің стратегиялық қарулану жөніндегі келіссөздерге қосылуын талап етті. Қытай бұл "өтінішті" елеген жоқ.

2020 жылдың мамырында АҚШ Ашық аспан келісімінен (ААК) шығып, Мәскеуді тағы да айыптады, мұны "ресейліктер инспекциялық бағыттағы ұшуларға кедергі келтіріп жатыр" деп түсіндірді. Ресейдің қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарды. Ведомствоның пікірінше, америкалықтар ғарышты белсенді түрде зерттеуге ниет танытқан, алайда ААК оған қолбайлау болған.

"АҚШ пен НАТО Қытайдың ядролық бағдарламасының қарқынды түрде дамып келе жатқанына алаңдайды. Қытай бұл мәселеде Вашингтонмен және Мәскеумен теңесуге ниеттенетін сияқты", - деп түсіндірген еді жазда АҚШ-тың қаруды бақылау жөніндегі арнайы өкілі Маршалл Биллингсли.

Вашингтон СШҚК-3-тің Ресейдің тактикалық ядролық әлеуетін арттыруды шектемейтініне де наразы. Биллингсли стратегиялық қаруды тексерудің қазіргі тетігін де сынға алды.

Соған қарамастан, бұл төңіректегі мәселе талқы таразысына салынды, бірақ америкалықтар жаңа талап қойды. "АҚШ бұл "әңгімеге" Ресейдің соңғы үлгідегі қаруларын тартуды талап етіп отыр, ал бұл "ашық есікті қаққандай" көрінеді", - деп мәлімдеді Ресей министрі.

Кездесулердің екінші кезеңі қыркүйек айында ешқандай нәтижесіз  аяқталды. Енді АҚШ-тың жаңа талабы бар – ол қосымша келісімдерді қабылдау.

Америкалықтар ол жерге тек стратегиялық қана емес, тактикалық ядролық арсеналдарды да енгізуді ұсынады. Бұл жердегі жалғыз жеңілдік –  Вашингтонның Қытайдың келіссөздер үдерісіне қатысуын кейінге қалдыруға келісуі.

"Біз Ресейге жақсы ұсыныс тастадық", - деді  бұл жөнінде Биллингсли.

Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеудің келісімшартты тек қазіргі түрінде ғана ұзартатынын хабарлады. Оның жарамдылық мерзімі бірнеше айдан кейін аяқталады, сондықтан өзгеріс енгізуге уақыт шектеулі. Ведомство келісімшарт бойынша келісу процесін америкалықтардың өзі созып алғанын атап өтті.

"Егер АҚШ мүдделер тепе-теңдігі негізінде жаңа дүние әзірлеуге дайын болса, онда келісім жасалуы мүмкін. Бірақ оған уақыт қажет", - деді осы жағдай жөнінде түсініктеме берген Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков.

"Баламалар аз: СШҚК-3-ті еш өзгертпестен ұзарту немесе одан толықтай бас тарту", - дейді қаруды бақылау проблемалары жөніндегі сарапшы Евгений Мясников. Ол шарттың басты құндылығын стратегиялық қаруды тексеру жүйесімен байланыстырып отыр. 

"Бұрын бір-біріміздің іс-әрекеттерімізді бақылау қиынға соғатын. Тараптар шиеленісті одан әрі ушықтырып жіберетін "ең нашар сценарий" бойынша жүріп отыратын еді. Сондықтан, егер жүйе күйресе, өткеннің қателігін қайталау қаупі туындауы мүмкін", - деді сарапшы.

Ресейдің халықаралық қауіпсіздік саласындағы тәуелсіз зерттеу орталығының жаңа технологиялар және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бағдарламасының директоры Вирим Козюлин келісімнің ұзартылатынына еш күмәнданбайды. Ол АҚШ-тың қойған талаптарын "мөлшерлемені көтеру жолындағы ойын" деп есептейді.

"Трамп келісім жасағанға дейін әлдебір артықшылықтар мен жеңілдіктер үшін саудаласқысы келетіні анық. Бірақ оған уақыт тапшы, демек америкалықтарға келісімді ұзартқаннан басқа ештеңе қалмайды. Ал жаңа қалыптасқан жағдай алдағы талқылау тақырыбына айналмақ. Оның үстіне Ресейде тактикалық ядролық арсенал мен Еуропадағы америкалық қару-жарақ туралы ұсыныстар бар", - дейді сарапшы.

Ол СШҚК-3-ті ядролық қаруды тасымалдаушы ретінде қарастыруға болатындығына қарамастан, оның пилотсыз жүйелерге кірмейтінін атап өтті.

"Ресейде бұл  жөнінде көп сауал туындап жатады. Шын мәнісінде, ол да қанатты зымыран, алайда, ол бірнеше рет қолданылатындықтан, үлкен қауіп төндіреді. Бірақ СШҚК-3 төңірегіндегі отырыстар аясында Мәскеу бұл мәселенің шешілуін әлі тездеткен жоқ", - деп атап өтті Козюлин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда басқару жүйесінің сақталуы негізінен АҚШ-қа байланысты болып тұр. Егер Вашингтон келісімге келсе, оған алдағы уақытта ядролық қаруы бар – Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан мемлекеттерін қосуға болады.

Загрузка...

Басты тақырып