Әлем

Ғалымдар түркілердің көне тарихынан сыр шертетін Алтайдағы қазба жұмыстарды талқылап жатыр

© Photo : Николай СерегинТюркская оградка с изваянием эпохи Первого каганата (исследования Н.Н. Серегина в Северном Алтае)
Тюркская оградка с изваянием эпохи Первого каганата (исследования Н.Н. Серегина в Северном Алтае) - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.11.2021
Жазылу
Ғалымдардың айтуынша, түркі дәуірінің ескерткіштерін жан-жақты зерттеу осы кезеңдегі мәдени ерекшеліктерді, генезисті, сондай-ақ көрші халықтар және мемлекеттермен қарым-қатынасты анықтауға мүмкіндік береді

НҰР-СҰЛТАН, 30 қараша – Sputnik. Түркітанушылар қауымдастығында түркілердің көне тарихын зерделеумен байланысты зерттеулер қыза түсті. Оған Алтайда Тұңғыш Түркі қағанатының құрылуына дейінгі кезеңге жататын ерте түркі дәуірінің жерлеу салтына қатысты кешендерін тапқан Алтай мемлекеттік университеті (АлтМУ) археологтарының қазба жұмыстары себепші болды. Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстан ғалымдары осы олжаға қатысты пікір білдірді.

Ресей ғалымдарының айтуынша, қазіргі уақытта түркілердің ең көне ескерткіштері дәл осы Алтайда зерттелген.

"Негізінен бұл жерлеу кезінде қолданылған нысандар – тік бұрышты және доғал дуалдар. Соның ішінде ат әбзелдерінің құралдары бар", - дейді тарих ғылымдарының докторы, АлтМУ "Үлкен Алтай" алтайтану және түркітану орталығының сарапшысы Николай Серегин.

Ресей ғылым қорының (РҒҚ) гранты аясында Алтай Республикасының Чемал ауданында жүргізілген экспедициялық жұмыстар көшпенділер тарихының бастапқы кезеңінің ерекшеліктерін ашуға бағытталған.

Ғалым атап өткендей, келімсек халық жаңа қауымдастықтың негізі болған.

"Осы келімсек топпен сенімді түрде байланыстыруға болатын археологиялық материал (нақты атрибутталған олжа) бізде жоқ: біз оның пайда болғанын білеміз, бірақ қайдан келді және қалай болғанын әзірше айта алмаймыз", - деп түсіндірді Николай Серегин.

"Бұл келімсек топтың (жазба көздері бойынша Ашинаның белгілі 500 жанұясы болуы ықтимал) іздері археологиялық тұрғыда тіркелмеген. Олар Алтайға қоныс аударғанға дейін жүйел зерттеумен қамтылмаған аймақта мекен еткен болуы мүмкін", - деп бөлісті ғалым.

Қазіргі Өзбекстан территориясының бір бөлігі Тұңғыш Түркі қағанатының құрамына кіргені белгілі. Осыған байланысты Өзбекстан археологтары алтайлық әріптестердің олжасы кешенді түрде зерттеуді қажет ететінін мәлімдеді. Зерттеу жұмыстары палеоботаника, археозоология, ландшафттану, деректану, тарихи лингвистика және ежелгі ДНҚ зерттеу сынды әдістерді қамтуы керек.

Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Ұлттық археология орталығының директоры Фарход Максудов VI ғасырдың ортасына жататын кешендер әлеуметтік-мәдени және антропологиялық кең әдіспен толыққанды ғылыми зерттеуді әлі де қажет етеді деп санайды.

"Ашина тұқымы Алтайға шығыстан келді деген болжам бар. Бірақ бұл тайпаның жерленуі туралы дереккөздер Моңғолияда VII ғасырдың басына жатады. Қытай жазба деректерінде олар марқұмдардың мәйітін өртеп, күлін желмен бірге ауаға шашқаны жазылған. Сондай-ақ ақпарат көздерінде қытай императоры Тайцзунь ингумация процесінің бастауын Шығыс Түркі қағанатының князьдері арасындағы салт-дәстүрден көріп, оларды өз ата-бабаларына лайықты ұрпақ болуға шақырғаны туралы дерек бар", - деді ғалым.

Өзбекстан территориясындағы ескерткіштерге келсек, оның айтуынша, өңірде VI-VIII ғасырға жататын тек бірнеше ерекше қорым анықталған. Соңғы екі жылда Ташкент облысында Сұңғақ жаңа мазары табылды.

"Ескерткіште зерттелген қабірлер үңгір болған және жерлеу рәсімі жергілікті дәстүр бойынша жүргізілген. Бірақ кірме халықтың ықпалы археологиялық материалдардан байқалады. Қазіргі уақытта біздің зерттеулер жалғасып жатыр және соңғы қорытынды жасалған шақта толық ақпарат қолжетімді болады", - деді Фарход Максудов.

Ал территориясының бір бөлігі Тұңғыш Түркі қағанатының құрамына кірген Қазақстан ғалымдары қазақ даласындағы көне түркі мәдени кешенін құрастыру проблемасы ерте орта ғасыр дәуіріндегі Еуразия даласындағы Ұлы белбеуде этноәлеуметтік-мәдени процестерді зерттеу аясында өзектілігін жоғалтпағанын айтты.

Тарих ғылымдарының докторы, қазақ археологы, "Берел" тарихи-мәдени музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев айтқандай, пазырық мәдениетіне жататын ескерткіштерді қазу барысында Қазақ Алтайындағы (Шығыс Қазақстан) Берел қорымынан "ғұн-сәнби" дәуіріне жататын мәдениет қабаты табылғанын айтты. Ол олжа әлі де нақты кезеңін анықтау мен этномәдени атрибуцияны қажет етеді.

"Мұндай ескерткіштер Ресей Алтайы, Моңғол Алтайы территориясында кеңінен танымал. Сондықтан олардың барлығын Үлкен Алтай тарихы аясында қарастыру керек", - деді ғалым.

Қырғызстан археологтары түркі дәуірі мен қағанаттарды зерттеу үшін елдегі археологиялық ескерткіштерді Орталық Азияның археологиялық деректерімен өзара байланыстыра отырып кешенді зерттеу қажет екенін айтты.

Археология, этнология, деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі Темірлан Шарғынов осы күнге дейін түрлі себеп бойынша бұл тақырып арнайы жан-жақты зерттеу нысаны болмағанын ескертті.

"Түркі кезеңінің ескерткіштері кешенді зерттеу нысаны болған емес, мінсіз хронологиялық бірізділік пен кезең бойынша антропологиялық талдау жоқ. Түркі қоныстары мен қалаларын археологиялық зерттеу әлі күнге дейін ақсап келеді", - деді ғалым.

Зерттеушілердің айтуынша, соңғы  жылдары Қырғызстан аумағында көне түркі жазбалары, жекелеген кездейсоқ олжалар, қару-жарақ бұйымдары мен тас мүсіндер анықталды.

"Бұған дейін ғылым үшін беймәлім болып келген 500-ден астам тас мүсін құрамы, көркемдік стилі және гендерлік түрлілігі бойынша айрықша пішінді болып отыр", - деді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог, Ж.Баласағұн атындағы ҚҰУ археология және этнология кафедрасының аға оқытушысы Оразбек Солтобаев.

Ғалымдар түркі дәуірінің ескерткіштерін жан-жақты зерттеу осы кезеңдегі мәдени ерекшеліктерді, генезисті, хронологиялық диапазонды, сондай-ақ көрші халықтар және мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын анықтауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Жаңалықтар
0