Әлкей Хақанұлы Марғұлан - әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы. 1904 жылы 11 мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келді. Бүкiлодақтық география қоғамының толық мүшесi (1933), филология ғылымының докторы (1945), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1958), Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi (1961). Оның редакциясымен Шоқан Уәлихановтың шығармаларының 5-томдық толық академиялық жинағы жарық көрді. Педагогика саласында Әлкей Марғұлан фольклор бойынша зерттеулерінің маңызы зор. Тұңғыш рет халық педагогикасының біртумалары шоғырланған Қазақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын іргелі зерттеді.

Әлкей Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі А.Е.Ферсман мен профессор С.И.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының (1926–27) жұмысына қатысты. Экспедиция кезiнде Әлихан Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасады. Әлкей 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. 1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап‚ орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады.

Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнерi) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмыс, 100-ден астам энциклопедиялық мақала жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. Марғұланның ғылыми еңбектерiнiң бiрқатары шетел тiлдерiне аударылды.

Әлкей Марғұлан 1985 жылы 12 қаңтарда 81 жасқа қараған шағында Алматыда қайтыс болды.

Материал
Керек уақытты таңдау
Тағы 20 материал
  • Бір апта ішіндегі
  • Бір ай ішіндегі
  • Бір жыл ішіндегі
  • Осы уақытқа дейінгі
Жаңалықтар
0