"Ескі жүйе келмеске кетті": президент қосарланған билік туралы ашық айтты
09:19 03.01.2024 (жаңартылды: 09:20 03.01.2024)
© AP Photo Первый президент Казахстана, Лидер нации Нурсултан Назарбаев (слева) и действующий президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев

© AP Photo
Жазылу
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы өзгерістер саяси және экономикалық монополия үстемдік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді.
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент өкілеттілігін Назарабаевтан қабылдағаннан кейін қосарланған билік жүйесі кімге тиімді болғанын ашық айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2019 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттілігінен өз еркімен бас тартқаннан кейін Тоқаев ел тізгінін қолына алды. Бірақ Қазақстанда президент әрі жоғарғы жас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы президент иеленген қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды.
"Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. "Билік транзиті" кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді. Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни "тандем" идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді", - деді Тоқаев "EGEMEN QAZAQSTAN" газетіне берген сұхбатында.
Осы орайда ол кейбір лауазымды тұлғалардың, соның ішінде бұрынғы әділет министрінің мәртебе жағынан елбасы президенттен жоғары тұратынын айтқан сөзін де еске алды. Содан шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді.
"Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым. Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. "Кеттің бе – қайырылма!". Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауы тиіс", - деп атап көрсетті президент.
Қазақстандағы өзгерістер саяси және экономикалық монополия үстемдік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бірақ үш жылдың ішінде бірқатар маңызды реформа жасалды. Коституциялық сот құрылды, президентті жеті жылдық мерзімге ғана сайлау нормасы енгізілді, мәжіліс партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақталатын болды.
"Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрттың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін", - дейді Тоқаев.