Мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды – Тоқаев

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге қойылатын талапты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында президент орта білім мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ұстаздардың біліктілік деңгейін төмендететін маңызды мәселе бар.
"Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән беру қажеттігін жеткізді. Осы салаға нағыз кәсіби мамандар тартылуы шарт.
"Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Осы орайда президент мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмай жүргенін де жеткізді.
"Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс", - деді Тоқаев.
Жаңалықтар
0