Мұнай-газ саласында бизнеске қойылатын 800-ге жуық артық талап қысқарады

© Sputnik / Иосиф Будневич / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Қазақстанның мұнай-газ саласында бизнеске қойылатын 800-ге жуық артық талап қысқарады. Бұл туралы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талапты қысқарту жоспарлануда. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және "Атамекен" Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылданып жатыр. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын", – деді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін Жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілгенін атап өтті.
2023 жылы инвестиция көлемі $6 млрд болатын осындай алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен $2 млрд-ты құрайтын тағы бір келісімшартқа қол қою пысықталуда.
Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. Осы жылы кен орындарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады.
Өткен жылдың соңында қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қосылды, ол республиканың ішкі қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді.
Қосымша $12 млрд инвестиция сомасына полиэтилен, бутадиен және полиэтилентерефталат өндіру бойынша тағы төрт ірі жоба іске асырылып отыр.
Алдағы уақытта Энергетика министрлігі ұлттық экономиканың түрлі салаларының қажеттіліктерін мұнай-газ химия өнеркәсібінің мүмкіндіктерімен өзара байланыстыру және импортты алмастыру, жаңа өнімге стандарттарды енгізу, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
Премьер-министр бұл қадамдардың барлығын жеке заңның әзірленуін күтпей-ақ, заңға тәуелді актілер деңгейінде қабылдау қажет екенін атап өтті.
Жаңалықтар
0