Саясат

Президент сайлауы: Қазақстанда дауыс беру басталды

© Sputnik / Абзал КалиевПрезидент сайлауы
Президент сайлауы - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.11.2022
Жазылу
Кезектен тыс сайлауға барлығы алты кандидат түседі, үміткерлердің екеуі – әйел
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Бүгін, 20 қараша – кезектен тыс президент сайлауы. Жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс беру басталып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 86 сайлау учаскесі жергілікті уақытпен таңғы сағат 06:00-де ашылды. Қала құраушы кәсіпорындардың ауысымдық жұмыс кестесі ескерілген. 86 учаскенің ішінде 47-сі азаматтар уақытша орналасқан орындарда ашылған.
Ал республиканың басым бөлігінде дауыс беру әдеттегідей таңғы сағат жетіде басталып, кешкі сегізде аяқталады.
Аумақтық сайлау комиссиялары тиісті әкімдердің, учаскелік сайлау комиссияларының ұсынысымен дауыс берудің басталуы мен аяқталуының басқа уақытын белгілеуге құқылы. Бірақ дауыс беру таңғы 06:00-ден ерте басталмауға және кешкі сағат 22:00-ден кеш аяқталмауға тиіс.

Қанша қазақстандық дауыс бере алады

Осы жолы бүкіл ел бойынша 10 101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелік сайлау комиссиясы учаскені дауыс берудің басталуына бір сағат қалғанда ашады.
Комиссия төрағасы мөрлеп бекітілген сейфті ашады, одан бюллетеньдерді алып шығып, оларды санайды, сосын санын жариялайды.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, кезектен тыс президент сайлауында 11 млн 950 мың 485 адам дауыс бере алады. Осыған байланысты 1 проценттік резервпен 12 069 990 дана бюллетень әзірленді.

Кабинаға сайлаушының өзі ғана кіреді

Дауыс беру күні әрбір сайлаушы өз сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасайды. Басқа адамдар үшін дауыс беруге болмайды.
Сайлаушылар бюллетеньді жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Кабинада дауыс берушiден басқа біреудің болуына тыйым салынады. Тек бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын сайлаушы ғана өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы. Оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн тізімге сайлаушының қолы тұрған тұсқа жазылады.
Бірақ мына адамдар сайлаушыға көмектесе алмайды:
сайлау комиссиясының мүшесi;
кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
әкімдіктің немесе мәслихаттың лауазымды қызметкері;
БАҚ өкiлi – журналист;
байқаушы.
Сайлаушы өзі дауыс беретін кандидаттың тегінің оң жағындағы бос төртбұрышқа не "Бәріне қарсымын" деген шаршыға кез келген белгіні қояды.
Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгізуге болмайды.
Сайлаушы толтырылған бюллетеньді дауыс беруге арналған жәшікке салады.

Цифрлық куәлік жарамды

Сайлау учаскесіне келген сайлаушылар бюллетеньді алу үшін жеке куәлігін көрсетеді. Осы жолы азаматтарға цифрлық құжатпен де дауыс беруге рұқсат етіліп отыр.
Электронды жеке куәлікті eGov mobile қосымшасынан, сондай-ақ Kaspi мен Halyk банктерінің мобильді қосымшаларынан көрсетуге болады.
Әрбір сайлаушы бюллетеньді алғаны туралы сайлаушылар тiзiміне қол қояды.

Шет елдердегі сайлау учаскелері

Шетелде жүрген қазақстандықтар да президент сайлауында дауыс бере алады. Ол үшін 53 мемлекетте 68 сайлау комиссиясы құрылды.
Украинадағы ахуалға байланысты Қазақстан ол елде сайлау учаскесін ашқан жоқ. Украинадағы Қазақстан азаматтары мен елшілік қызметкерлері Варшава қаласында (Польша) дауыс береді.
Соңғы ақпарат бойынша Украинадағы сайлаушылар тізіміне 11 қазақстандық енген.

Сайлауға алты кандидат түседі

Халық жаңа президентті алты кандидаттың арасынан таңдайды. Олардың ішінде қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Сондай-ақ саяси додада екі әйел кандидат та бақ сынап жатыр.
Сайлауға түсетін кандидаттар:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан);
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі);
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы);
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы).
Биыл алғаш рет президент сайлауының бюллетеніне "Бәріне қарсымын" тармағы қосылып отыр. Конституцияға сәйкес, осы жолы мемлекет басшысы жеті жылға және тек бір мерзімге сайланады.
Айта кетері, кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 20,5 миллиард теңге жұмсалды.
Жаңалықтар
0