Жетісу облысында жалған полицейлер жергілікті тұрғынды 2,7 миллион теңгеге алдап кеткен

© Photo : Pixabay / JESHOOTS-comДеньги, кошелек, компьютер, иллюстративное фото
Деньги, кошелек, компьютер, иллюстративное фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2022
Жазылу
20 тамызда Қаратал ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын белгісіз біреулердің ірі көлемдегі ақшасын жымқырғаны туралы арызбен жүгінген
НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Жетісу облысында 53 жастағы әйел алаяқтарға сеніп, 2,7 миллион теңгесінен айырылып алған, деп хабарлады өңірдегі полиция департаменті.
Анықталғандай, алаяқтар оның ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін жоғары шенді полиция қызметкерлері деп таныстырған. Олар оның жеке деректерін ірі көлемде ақшалай кредит алу үшін пайдаланған алаяқтар тобына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.
Жалған полицейлер өз уәжіне жәбірленушіні толық сендіру үшін мессенджердің көмегімен құқық қорғау органы қызметкерінің жалған куәлігін және міндетті суреттер, мөрлер мен облыстық полиция бөлімшелері бірінің басшысы қол қойған тағы бірнеше құжатты көрсеткен.
"Осылайша, алаяқтар жәбірленушіні өз сөздерінің рас екеніне сендірген және оны банктен ірі көлемде кредит алып, өздері көрсеткен есепшотқа аударуға мәжбүрлеген. Қазір қаражаттың қайда аударылғанын анықтауға тырысып жатырмыз. Осы факті бойынша қылмыстық іс тіркеелді", - деді облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының басшысы Руслан Чарапиев.
Тәртіп сақшылары халықты қырағы әрі сақ болуға шақырды.
"Құрметті азаматтар, күмәнді қоңырау түскен жағдайда сөйлесуді бірден доғару керектігін ескертеміз. Сізге қызмет көрсететін банкке немесе 102 жедел желісі бойынша полицияға хабарласу қажет", - деді облыстық полициядағылар.
Еске салсақ, тамыз айының басында облыстың екі тұрғыны да интернет-алаяқтарға сеніп, 4 миллион теңгеге жуық жеке жинағынан айырылған. Олардың бірі әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, депозиттен жинаған ақшасын әлдебір инвестициялық жобаға салған.
Тағы біріне банктен адамдар қоңырау соғып, бәзбіреулер оның атына кредит рәсімдейін деп жатқанын хабарлаған. Алаяқтар әйелден банк картасының артындағы үш таңбалы СV-кодты атауды сұраған. Нәтижесінде, депозит шотында тұрған ақша әп-сәтте жоғалып кеткен.
Жаңалықтар
0