Каспий құбыр консорциумы қазақстандық мұнайды қайта қабылдай бастады

© Photo : КТККаспий құбыр консорциумы
Каспий құбыр консорциумы - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 27 мамыр – Sputnik. "Каспий құбыр консорциумы" Қазақстаннан мұнай қабылдауды қайта бастады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың "Каспий құбыр консорциумы" АҚ бас директоры Николай Горбанмен кездесуінде белгілі болды.
Тараптар қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында қазіргі кезде мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталғаны және қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау толық көлемде қалпына келтірілгені аталып өтті. Айлақтың барлық құрылғысы жұмыс істеп тұр.
"Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалында зақымдалған жылжымалы айлақ құрылғыларын жөндеу жұмыстары аяқталғанына қуаныштымыз. Бұл шектеулерді алып тастауға және Қазақстанда мұнай өндіруді толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік берді", — деді Қазақстанның премьер-министрі.
Әлихан Смайылов Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қосымша мұнай көлемін тасымалдау үшін КҚК құбыр жүйесінің осал жерлерін жою жобасын уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
"КҚК мұнай құбырын одан әрі апатсыз және үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл үшін барлық қажетті шараны қабылдау керек деп санаймын", — деді үкімет басшысы.
КҚК мұнай құбыры Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ірі кен орындарынан мұнай экспорттаудың ең төте жолын және неғұрлым тиімді экономикалық жағдайларды қамтамасыз етеді. 2021 жылы Қазақстаннан құбыр арқылы 53,1 миллион тонна мұнай, 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында 18,7 миллион тонна мұнай тасымалданды.
Жаңалықтар
0