Даниал Ахметов үкіметтен Риддердегі ЖЭО-ға шұғыл тексеріс жіберуді сұрады

© Sputnik / Кирилл Каллиников / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.05.2022
Жазылу
Риддердегі жылу электр орталығының апаттан кейінгі жағдайы облыс басшылығын алаңдатып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 13 мамыр – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов премьер-министр Әлихан Смайыловтан Риддер қаласындағы жылу электр орталығына жоспардан тыс тексеріс жүргізу үшін республикалық комиссия жіберуді сұрады, деп хабарлады Ustinka.kz.
Биыл Риддер қаласында жылу маусымы штаттық режимде өтті. Алайда жылу электр орталығында құрал-жабдықтар істен шығып, бір рет апат болған.
"Қыста Риддер жылу электр орталығында бір апат тіркелген. Бұдан бөлек, құрал-жабдықтар I дәреже бойынша екі рет, ал II дәреже бойынша 454 рет істен шықты", - дейді әкімдік мамандары.
Облыс әкімінің айтуынша, ЖЭО-дағы апаттан кейін арнайы комиссия келіп кеткен.
"Риддер жылу электр орталығында алты қазандық бар. Мен үш кеңес өткіздім. Қазіргі кезде инвестордың жағдайы қиын болып тұр, ол неден бастайтынын және қалай істейтінін білмей отыр. Біз де қанша қаржы бөлінетінін білмейміз. Сондықтан бір ғана өтінішім бар. Бізге шұғыл түрде республикалық комиссия жіберіп, кәсіпорынға кезектен тыс тексеріс жүргізу қажет", - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Премьер-министр Әлихан Смайылов энергетика министрлігіне ШҚО әкімінің өтінішін пысықтауға тапсырма берді.
Жаңалықтар
0