Қоғам

Парламент республикалық бюджетті қабылдады

© Sputnik / Абзал Калиевархив
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.05.2022
Жазылу
Нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі
НҰР-СҰЛТАН, 5 мамыр – Sputnik. Сенат депутаттары 2022- 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заңмен республикалық бюджет 2,7 триллион теңгеге ұлғайтылып отыр. Соның басым бөлігі президент тапсырмаларын орындауға жұмсалады.
Олар:
қаңтар оқиғаларының салдарларын жоюға – 37 миллиард теңге;
күш құрылымдары мен төтенше жағдайлар органдарының жауынгерлік әзірлігін және жарақтандырылуын арттыруға – 441 миллиард теңге;
халықтың кірісін арттыру жөніндегі іс-шараларға – 197 миллиард теңге; өңірлерді дамытуға арналған шығыстарға – 475 миллиард теңге;
азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары аясында іс-шараларға – 238 миллиард теңге; үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы аясындағы іс-шараларға – 475 миллиард теңге;
президент бастамаларына арналған резервті азайтуға – 71 миллиард теңге бағытталды; өңірлерді дамыту – 476,0 миллиард теңге;
Бұдан бөлек, бағдарламалық құжаттардың (сайлауалды бағдарлама мен ұлттық жобалардың) шараларын жүзеге асыруға 98 миллиард теңге бөлінеді.
Қосымша шығыстар жергілікті және республикалық жолдарды дамытуға, сондай-ақ су ресурстары саласындағы шараларға жұмсалады. Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге 117 миллиард теңге қарастырылған.
Нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері өседі. Сондай-ақ, теңгеге қатысты доллар бағамының өзгеруіне байланысты шығыстарға 56 миллиард теңге көзделіп отыр. Бұрын қабылданған кезек күттірмейтін міндеттемелерді іске асыруға 377 миллиард теңге (әлеуметтік сала - 250 миллиард теңге, экономиканың нақты секторы - 70 миллиард теңге, әкімшілік мемлекеттік органдар - 58 миллиард теңге) бағытталды.
Номиналды ЖІӨ 2022 жылы 91 543,9 миллиард теңге көлемінде болжанып отыр, ол мақұлданған болжамнан 4 468,3 миллиард теңгеге жоғары. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 332,4 АҚШ долларын құрайды. 2022 жылға арналған республикалық бюджет тапшылығы 2,9 триллион теңге немесе ЖІӨ-ні бағалауға қатысты 3,3% мөлшерінде айқындалды. Бұған қоса, Ұлттық қордан 2022 жылға арналған кепілдендірілген трансферт 1,6 триллион теңгеге ұлғайып, 4 триллион теңгені құрайды.
Республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары 2,7 триллион теңгеге артып, 18,8 триллион теңге көлемінде болжануда.
Жаңалықтар
0