Қоғам

Елордада зергерлік дүкенге келген әйел гауһар тасты бұйымды ұрлап кетті

© AP Photo / Vincent Yu бриллиант
 бриллиант - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.05.2022
Жазылу
Қымбат зергерлік бұйымды ұрлаған Нұр-Сұлтан тұрғыны жеті жылға дейін сотталуы мүмкін
НҰР-СҰЛТАН, 4 мамыр — Sputnik. Елордадағы полиция департаментінің қызметкерлері сатушының көзін ала бере сөреде тұрған гауһар таспен көмкерілген және құны бір миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымды ұрлаған 49 жастағы әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Нұр-Сұлтандағы зергерлік салон иелерінің бірі қымбат бағадағы бұйымның ұрланғаны туралы полицияға шағымданды, деп хабарлайды polisia.kz.
Ол ұрланған бағалы тастармен безендірілген әшекей жинағының құны бір миллион теңгеден асатынын хабарлаған.
"Жедел іздеу шараларын жүргізу және қылмыс жасау аумағында орналасқан бейнебақылау камераларын тексеру нәтижесінде күдікті анықталды. Ол 49 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Әйелдің зергерлік салонға жиі келетіні және бұған дейін қомақты қаражатқа бірнеше рет сауда жасағаны анықталды", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметі.
Күдікті зергерлік бұйым дүкеніне кіріп, сатушының басқа адамдарға қызмет көрсетіп жатқанын пайдаланған: ол сөреде тұрған бағалы бұйымды ұрлап, қылмыс орнынан ізін суытқан.
Қазіргі уақытта 49 жастағы күдікті ұсталды және ол өз қылмысын мойындады. Тінту барысында айғақ зат - ұрланған бұйымдар тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 188-бабы – "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бағалы бұйымды ұрлаған әйел екі жылдан жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.
Жаңалықтар
0