Ақтөбеде бейтаныс ер адам мектеп оқушысының ізіне түскен

© Sputnik / Абзал Калиевархивтегі сурет
архивтегі сурет  - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2022
Жазылу
Тәртіп сақшылары күдіктіні тауып, қамауға алды. Өзге елдің азаматы екен
НҰР-СҰЛТАН, 22 сәуір – Sputnik. Ақтөбедегі №2 мектепте шу шықты.
Ата-аналардың айтуынша, бейтаныс адам түс уақытында мектепке бара жатқан 3-сынып оқушысының соңынан қалмай қойған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Абырой болғанда, бала мектепке кіріп үлгеріпті. Оған ешқандай зақым келген жоқ. Дегенмен ата-аналар енді балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы.
Оқиғаның болғанын мектеп басшылығы растады.
Қыздың анасы ол туралы әлеуметтік желіде жазған.
"Менің қызым мектепке бара жатып, жолдан дүкенге кірген. Ол жерде 60- 65 жас шамасындағы бейтаныс адам "бүгін туған күнім" деп тәтті сатып алып берген. Қызым мектепке жеткенше ілесіп жүрген. Атын, мектебі мен қай сыныпта оқитынын айтуды бұйырған. Қызым қорыққанынан айтып, мектепке жүгіріп кеткен. Кейін ол кісі мектепке барып, мұғалімнен қызымды сұрап, іздеген. Бұны естіген ата-аналар бүгін балаларын сабақтан өздері алып кетіп жатыр. Олар әбден шошып қалған. Оқушының ізіне түскен ер адамды тауып, қатаң жазалау керек", - деп жазды қыздың анасы.
Мектеп ауласында тұрған бейтаныс адамды мұғалім байқап қалған, дейді мектеп директоры. Алғашында немісше сөйлеген ер адам оқушы қызды күтіп тұрғанын айтқан.
"Кешке қарай 17:15-те ер адам келіп тұр. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі одан кім екенін сұраған. Ол ешкім емес екенін, ол қыздың ата-анасы да емес екенін айтқан. Мұғалім бөтен адамды ауладан шығарып жіберді", - дейді мектеп директоры Сәния Дәнішева.
Кезекші мұғалім дереу мектеп басшылығына хабарлаған. Директор қыздың ата-анасын шақыртты. Мектеп чатына жазып, оқушыларға абай болуды ескерткен. Ата-аналардан сабақтан кейін балаларды алып кетуді сұрадық дейді. Қыз баланың ата-анасы полицияға арызданыпты.
Тәртіп сақшылары күдіктіні тауып, қамауға алды. Өзге елдің азаматы екен. Мектепке жақын жерде тұрады. Полицияға жағдайды ол басқаша түсіндірген.
19-сәуірде қайтыс болған әкесін еске алу үшін оқушы қызға тәтті бергенін айтқан. Ал мектепке өзі салған суреттерді сыйлау үшін бардым депті.
"Әкімшілік құқық бқзушылық кодексінің 449 және 517 баптары бойынша қоғамдық орында кәмелетке толмаған балаға тиісу дерегі және Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1961 жылғы ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұдан әрі сот шешімі қабылданған соң, мемлекеттен шығару шаралары қарастырылады. Күдікті қазір полиция бөлімінде соттың шешімін күтіп отыр", - дейді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Ол 5 тәулікке қамалуы мүмкін немесе оған айыппұл салынады. Сонан соң елден шығарылады.
Ал қалалық білім бөлімінің басшылығы бұл оқиғадан кейін барлық мектептерге аулаға кірген бөгде адамдарға назар аударуды ескертті.
Жаңалықтар
0