Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат федерациясының президенті болды

© Sputnik / Владислав ВодневЖансая Әбдімәлік
Жансая Әбдімәлік - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2022
Жазылу
Федерация төрт бағытта дамуды жоспарлап отыр
НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік Алматы шахмат федерациясының президенті болып тағайындалды. Жаңа ұйым Алматы қаласы шахматшылар одағынан шыққаннан кейін қайта аккредитация алған.
"Федерация 2024 жылға дейін төрт негізгі бағытты дамытуды жоспарлап отыр: қала тұрғындары арасындағы бұқаралық спорт, мектептегі білім жүйесіндегі шахмат, жоғары жетістіктер спорты, сондай-ақ ардагерлерді қолдау", - деді Жансая Әбдімәлік.
Алдағы үш жылда федерация тұрақты спорт шараларын, атап айтқанда бір уақыттағы ойын сеанстарының ашылуы, Алматы мен басқа қала құрамалары арасындағы жарыстар ұйымдастыруды, сондай-ақ саябақтар, аулалар, ауруханалар мен басқа да қоғамдық орындарда жаңа шахмат аймақтарын құруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар қала мектептерінде шахмат сабағына арналған кабинеттер жабдықталып, арнайы оқу бағдарламалары, мұғалімдер мен оқушыларға арналған әдістемелік құралдар әзірленіп, сондай-ақ Мектеп лигасына қатысатын командалар жасақталады.
Жансая Әбдімәлік атап өткендей, мектептерде шахмат сабағын енгізу тәжірибесі Ұлыбританияда, АҚШ-та, Түркияда қолданылады. Ал Армения әлемде бірінші болып шахматты жалпыға міндетті мектеп бағдарламасына енгізді.
"Алматылық мектеп оқушылары үшін бұл интеллектуалды дамуға қолайлы жағдай туғызады", - деп сенім білдірді Әбдімәлік.
Турнирлерге дайындалу мақсатында Алматы қаласы жасөспірімдер құрамасының шахматшылары үшін шетелдік халықаралық гроссмейстерлер мен спорт психологтарын тарту арқылы жылына бірнеше рет көшпелі оқу-жаттығу жиындарын өткізу жоспарланып отыр.
Жансая Әбдімәліктің айтуынша, федерацияны дамытудың бұл бағыты жас шахматшыларды қолдаудағы үлкен олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді.
СШК (спорт шеберіне кандидат), IM (халықаралық шебер), GM (халықаралық гроссмейстер) спорт стандарттарын орындауға арналған рейтингтік турнирлер де өткізіледі. Яғни белгілі бір деңгейге жеткен соң, Алматыдан шықпай-ақ жаңа дәреже үшін спорт жарыстарына қатысуға болады.
Сонымен қатар федерация белгілі бір мерейтой немесе айтулы күндердің құрметіне орай және жас шахматшылармен тәжірибе бөлісу мақсатында ардагерлерге арналған турнирлер өткізуді қолға алады.
Жансая Әбдімәліктің әкесі – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Әшіров Жансаяның халықаралық турнирлер мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуда үлкен тәжірибесі бар спортшы екені федерация үшін үлкен артықшылық екенін атап өтті.
"Қазақстанның шахматтан алғашқы әлем чемпионы өзі туған, өсіп-өнген және әлемнің ең мықты шахматшыларының бірі болып қалыптасқан қала – Алматының шахмат федерациясының президенті болғаны өте жақсы құбылыс. Жансаяның келуімен жағдай оң жаққа өзгереді: Алматыдағы шахматты дамыту үшін басқа елдердегі элиталы шахматшылар мен жаттықтырушыларды жиындарға, турнирлерге шақыруға мүмкіндіктер пайда болады", - деді Данияр Әшіров.
Алдағы айларда федерация даму туралы толығырақ жоспарды өз ресми сайтында жариялап, жас шахматшылардың ата-аналары және жаттықтырушылармен кездесу өткізеді.
Жаңалықтар
0