Министр жарылыстан кейін жоғалған сержант жайлы: біз оны іздестіріп жатырмыз

© Sputnik / Тимур БатыршинЖамбыл облысындағы төтенше жағдайдың орны
Жамбыл облысындағы төтенше жағдайдың орны - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 20 сәуір – Sputnik. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, ол жоғалып кеткен ер адамның туыстарымен кездескен. Қыста ауа райына байланысты іздеу жұмыстары тоқтатылған. Ал әскери қоймадағы жарылыс салдарын жою жұмыстары жанданғаннан кейін әскери қызметшіні іздестіру жұмысы да одан әрі жалғасқан.
"Егер ол жарылыстың дәл ортасында болса, онда ол жерде ештеңе қалмауы да мүмкін. Бізді үлкен жұмыс күтіп тұр, ауқымды топырақ тексерісін жүргізу керек. Бұған да адам да, уақыт та көп керек. Жұмыс жетерлік. Мен отбасын түсінемін. Біз оны қаза тапты немесе із-түзсіз жоғалды деп тануды ұсынған едік. Сол кезде Қарулы күштер тарапынан да төлем төленетін еді. Біз отбасын түсінеміз, сол себепті іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - деді Жақсылықов мәжіліс кулуарында.
Айтуынша, жоғалған сержантты қорғаныс министрлігі ғана емес, ішкі істер органдары да іздестіріп жатыр.
Былтыр Жамбыл облысы Байзақ ауданында оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Жарылыстан кейін әскери бөлімде қызмет еткен 34 жастағы кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кеткен.
Жаңалықтар
0