50 мың теңге алған полицияның бұрынғы басшысы жеті жылға сотталды

© Sputnik / Тимур Батыршин архив фото
 архив фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.04.2022
Жазылу
Экс-полицей кінәсін мойындаған жоқ
НҰР-СҰЛТАН, 15 сәуір – Sputnik. Қызылорда соты қаланың бас полицейі болған Нұрлан Ағаділовты жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Оған қоса, экс-полицейге мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Квазимемлекеттік секторға да бара алмайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеу материалдарына сәйкес, Нұрлан Ағаділов қызмет бабын теріс пайдаланған. 2021 жылы 13 тамызда қарамағында жұмыс істеген Балымбетовтен 50 мың теңгені бопсалап алды.
Сол үшін қызмет жағынан қолдауға уәде еткен. Экс-полицей кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушысы Жалғас Асқаровтың айтуынша, сотта тағылған айыптар расталмады деп отыр.
"Біз осы үкімнің Қазақстан Республикасы Жоғары сотының қаулылары мен қылмыстық-процессуалдық заңнама талаптарына сай келмейді деп санаймыз. Негізгі сот отырысында айыптаушы жақтың бопсалау арқылы пара алуға қатытсы дәлелдері расталмады. Жәбірленуші де Ағаділовтың ақшаны бопсалап алмағанын мәлімдеді. Көмек беруді сұрағаннан кейін өз еркімен келіскен. Сол кезде Ағаділов оны қорқытқан жоқ", - дейді Асқаров.
Оның сөзіне қарағанда, жәбірленуші ғана емес, тағы екі куәгер қорқытып-үркітудің болмағанын растады. Жедел-іздестіру кезінде аудиожазба да жасалған.
"Өкінішке қарай, сот үкім шығарғанда осы дәлелдерді назарға алған жоқ. Біз міндетті түрде аппеляциялық шағым түсіреміз", - деп атап көрсетті Асқаров.
Жаңалықтар
0