Әлеуметтік желілер бұғаттала ма – кибербуллинг туралы заң жобасы мәжіліске қайтарылды

CC0 / Arieth / Архивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.04.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 14 сәуір – Sputnik. Сенат балалардың құқығын қорғауға арналған заң жобасын мәжіліске қайтарды. Жоғары палата депутаттары кибербуллинг фактілерін анықтау және әлеуметтік желілерде жарияланған ақпаратқа шектеу қоюға қатысты өз ұсыныстарын енгізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, кибербуллинг фактілері туралы арыз-шағымдарды арнайы сарапшылар тобы қарауы қажет. Ал мәжіліс жіберген заң жобасында ондай құзіретті мемлекеттік органға берілген.
"Бұдан бөлек, сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз көзқарасы бойынша интернет ресурстар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеу және тоқтату бойынша кеңейтілген құзіретін алып тастады", - деді Әшімбаев сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, осы орайда онлайн-платформалардың өкілдерімен бірлесе отырып, сарапшылар тобы "балаға қатысты кибербуллинг" деп таныған ақпаратты жоюға ғана басымдық беріліп отыр.
"Бұндай тәртіп кибербуллинг фактілеріне қатысты шара қолдану және қоғамның ақпаратқа деген сұранысы арасындағы балансты қамтамасыз етеді", - деп түйіндеді Әшімбаев.
Мәжіліс ұсынған басқа баптар сол күйінде қалды. Олар:
кәмелетке толмаған балаға психологиялық даярлықсыз қамқоршылықты белгілеу;
мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық оңалту орталықтарын құру бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзіреттілігін бекіту;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін есепке қоюдың мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарту;
"Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" заңға "баланы жәбірлеу (буллинг)" түсінігін енгізу;
мемлекетте "Баланы буллингтен қорғау" құқығын беру;
колледждерге академиялық дербестік беру;
жоғары оқу орындарының білім беру сапасын арттыру;
халықаралық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грант беру, оларды дайындаған педагогқа бюджет қаражаты есебінен біржолғы сыйақы енгізу.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы сенат енгізген ұсыныстармен бірге мәжіліске қайтарылды.
Жаңалықтар
0