Халықты алдап жүрген "саудагер" ұсталды – полиция зардап шеккендерді іздестіріп жатыр

© Photoархив
архив - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2022
Жазылу
Алаяқ өзін сауда үйінде үлкен бизнесі бар табысты іскер әйел ретінде таныстырған
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 50 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Әйел бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотталған.
Бірақ бұрынғы кәсібін қоймай, қалаларды аралап, халықты алдап келген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінге дейін алаяқ әйелдің астанада жеті адамды алдағаны, ал Алматы қаласында үш қылмыс жасағаны анықталды. Бірақ ондай фактілер бұдан көп болуы мүмкін.
"Алаяқтың қармағына көп жағдайда такси жүргізушілері мен сатушылар ілініп отырған. Ол әйел Қарағандыда жалдамалы пәтерлерді жалдап тұрды. Елордаға бара жатып, қалааралық таксиді пайдаланды. Сол кезде такси жүргізушілерімен танысып, олардың сеніміне кірген. Алаяқ өзін сауда үйінде үлкен бизнесі бар табысты іскер әйел ретінде таныстырған. Күдікті әйел жүргізушілерді алдап, олардан ақша алып, сауда орталықтарында жасырынып жүрген. Осылайша алаяқ әйел екі жүргізушіні алдап жалпы сомасы 400 мың теңгеге жуық ақшаларын иемденген", - дейді полицейлер.
Күдікті сауда үйлері мен базарларда сатушылармен танысып, оларды да алдаған. Бір ретте такси жүргізушісін пайдаланып, 8 қап қантты қолды қылды.
Тағы бір жағдайда ломбард сатушысын алдап, құны 500 мың теңгеден асатын екі алтын алқаны ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу басталды.
Полиция осы адамның заңсыз әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Иманбаев көшесі, 16а мекенжайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық полиция басқармасына хабарласуды сұрайды.
Сондай-ақ, 8 (776) 158 29 58 немесе "102"-ге хабар беруге болады.
Жаңалықтар
0