Базарлардың жұмысы қалай өзгереді – негізгі ұсыныстар жарияланды

© Sputnik / Тимур Батыршин "Алтын Орда" базары
 Алтын Орда базары - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.04.2022
Жазылу
Әрбір базарда электронды табло орнатылады. Сол жерде бос сауда орындары, қоймалар туралы ақпарат, сондай-ақ тауар бағасы көрсетіліп тұрады
НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. "Алтын орда" базарында 1,6 миллиард теңгеге заң бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алтын орда" Орталық Азиядағы ең ірі базар болып саналады. Ауданы 28 гектарды құрайды. Оны тексеруге 71 адам аттанды.
"Осы уақытқа дейін 1,6 миллиард теңгеге заң бұзушылықтар анықталды. Соның ішінде салықты төмендету, кассалық аппараттың жоқтығы, ветеринарлық және санитарлық талаптарды бұзу сияқты фактілер бар", - деді Әбілдабеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, "Алтын ордадан" бөлек республика бойынша жүздеген базарда тексеріс жүргізіліп жатыр. Барлығына ортақ проблеманың бірі – бағаның әділ болмауы. Саудагерлер бағаны ойдан қоя салады. Ал базар иелері тауарды нақты бір фирмалардан алуға міндеттейді. Базарларда бәсекелестік жоқ. Соның салдарынан баға түспейді. Тексеріс нәтижесі бойынша заңға тиісті өзгерістер енгізіледі. Соның бірі – базар иесінің жеке жауапкершілігін енгізу.
"Қазір олар сауда орнын бердік, басқасында шаруам жоқ деп құтылып кетеді. Біз базар иесінің жеке жауапкершілігін заңмен бекітуді көздеп отырмыз. Сауда орындарын орналастыру тәртібі де болады. Әкімшілікті базарды жаңартуға міндеттейміз. Бұдан бөлек, сауда орындарын бергенде отандық өнім өндірушілерге басымдық берілуі шарт", - деп атап өтті Әбілдабеков.
Бұдан бөлек, әрбір базарда электронды табло орнату міндеті енгізіледі. Сол жерде бос сауда орындары, қоймалар туралы ақпарат, сондай-ақ тауар бағасы көрсетіліп тұрады. Бұның барлығы ашық бәсекелестікке негіз болады.
Жаңалықтар
0