СҚО-да 57 жыл жөндеу көрмеген ауыл мектебінің шатыры опырылды

© Sputnik / Елена Бережная скриншот видеоАуыл мектебінің шатыры опырылды
Ауыл мектебінің шатыры опырылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2022
Жазылу
Биыл білім ордасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұған дейін мектепке тек ағымдағы жөндеу жүргізілген
НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысындағы Токушин мектеп-гимназиясында жапсарлас салынған акт залының шатыры опырылып құлады. Бұған дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, деп хабарлады журналистерге облыстық білім беру басқармасының басшысы Назир Жәшібеков.
Еске салсақ, 4 сәуірде Аққайың ауданы "Токушин мектеп-гимназиясы" МКК-дағы жапсарлас салынған акт залының шатыры ішінара опырылып құлады. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Оқыс оқиға кешкі уақытта болғандықтан, акт залында мұғалімдер де, оқушылар да болмаған.
"Кеше кешкі сағат алты шамасында акт залының шатыры құлағаны туралы ақпарат алдық. Оқиға орнына шұғыл жеттік. Шатырдан су ағып, қабырға бөлігі опырылып, салдарынан шатыр құлаған. Аумағы - 140 шаршы метр. Қазір арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себебін анықтап жатыр. Содан кейін қорытынды шығарылады", - деді Жәшібеков.
Ол аталған мектепке күрделі жөндеу жүргізуге биыл 144 миллион теңге бөлінгенін және қаражатқа шатырды жөндеу, ішкі бөлмелерді реттеу, еденді жаңғырту қарастырылғанын айтты.

"Бұл мектепке күрделі жөндеу жүргізілмеген. Былтыр бөлек тұрған интернат ғимаратының шатырына ағымдық жөндеу жүргізілді. Сол сияқты түрлі жылдары акт залының шатырына ағымдық жөндеу жүргізілген. Өткен күзде шатырдан су кетуі байқалмады. Ол көктемде болып отыр", - деді ведомство басшысы.

Оның ұсынған дерегі бойынша, қазір балалар қашықтан оқу режиміне көшірілген. Негізгі ғимаратқа тексеру жүргізіліп жатыр. Егер мамандар ғимараттың қаупі жоқ екені туралы қорытынды шығарса, балалар штаттық режимдегі оқуға қайта оралады.
"Мектеп апатты жағдайда тұрған жоқ. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындар алдында ғимаратты тексеру кезінде ешқандай апатты жағдай анықталған жоқ. Оқу жылының басында да қабылдап алу актісі әзірленді, мектептің жай-күйіне шолу жасалды. Сол кезде шатыр опырылуы мүмкін екенін аңғартатын ешқандай белгі болған жоқ", - деп атап өтті Жәшібеков.
Алайда ол оқу жылының басында мектепті қабылдап алатын комиссия құрамында құрылыс саласының мамандары жоқ екенін мойындады. Басқарма басшысының айтуынша, осы жағдайдан кейін сәйкес мамандар комиссия құрамына енгізілуі ықтимал. Облыста апатты жағдайдағы үш мектеп бар. Олардың барлығы Тайыншы ауданында орналасқан.
"Олардың екеуінде жөндеу жұмысы басталып кетті, тағы біреуінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Ол жақта балалар оқып жатқан жоқ", - деп түйіндеді Назир Жәшібеков.
Токушин мектебі 57 жыл бұрын пайдалануға берілген. 1963 жылдың қазанында білім ордасының іргетасы қаланса, 1965 жылы мектеп оқушылар үшін есігін ашты.
Жаңалықтар
0