Қоғам

"Электронды жеке іс" сервисі іске қосылады – бұл не үшін қажет

© Pixabay / GoumbikҚағаз, дәптер
Қағаз, дәптер - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.04.2022
Жазылу
Бұл жұмысқа орналасу процесін жылдамдатады
НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа "Электронды жеке іс" сервисін іске қосады. Бұл жұмысқа тұру процесін жылдамдатып, жұмысшының өзі жайлы деректерді жұмыс берушіге қағазға шығарылған нұсқада ұсынбауын қарастырады.
"Жұмыс берушілердің көбі жұмысшылардан әлі де еңбек кітапшасын, жеке парақты және автоөмірбаян талап етеді. Бұл адамдардың наразылығын тудырып отыр. Мұндайдан арылу қажет", - деді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында.
Енгізілген қызметтің арқасында әлеуетті қызметкердің түйіндемесін қарастыру және оны одан әрі рәсімдеу кезінде жұмыс беруші қызметкердің жеке ісін электронды форматта алу үшін Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне сұраныс жасай алады.
Жұмыс беруші Еңбек кодексінде көрсетілген талаптар аясында кез келген ақпаратты сұрата алады. Олардың қатарында жеке куәлік деректері, сурет, білімі және отбасы мүшелері туралы мәлімет, вакциналау, Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіндегі жұмыс өтілі туралы ақпарат бар. Сонымен қатар мына электронды анықтамаларды да алуға болады:
сотты болмағаны/болғаны туралы;
психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепте тұрмағаны туралы;
0/75у анықтамасы;
мүгедектік туралы анықтама.
Бұл ретте қызметкерге смс-хабарлама арқылы немесе Электрондық еңбек биржасы порталындағы жеке кабинетіне әлеуетті жұмыс берушіге өз деректерін ұсыну туралы сұраныс келеді. Жұмысшының рұқсатын алғаннан кейін Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесі жеке істі көруге мүмкіндік береді.
Оның негізінде жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдау және онымен еңбек шартын жасау туралы шешім қабылдайды. Мұнда электронды еңбек шартының жобасын да дайындауға болады.
Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесі жұмысшының сұранысқа жауабын 7 күнтізбелік күн күтетінін атап өту керек. Бас тарту немесе жауап болмаған жағдайда жұмыс берушіге тиісті деректер ұсынылмайды. Ал келісім жұмысшының ақпаратты сұраған мекемедегі жұмыс уақытының бүкіл мерзіміне жарамды болады. Егер шарт жасалмаса немесе бұзылса, онда келісім автоматты түрде заңсыз болып саналады.
"Электронды жеке іс" сервисі жалған құжат жасау қаупін жояды және еңбек шартын жасау кезінде құжаттарды қағаз түрінде ұсынудан бас тарту арқылы жұмысқа орналасуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жұмыс берушілер сервисті электронды еңбек биржасы немесе кәсіпорындағы кадрларды есепке алуға арналған ақпараттық жүйе арқылы пайдалана алады. Алдағы уақытта бұл функция қазір дайындалып жатқан Еңбек ресурстары порталында қолжетімді болады.
Қызметкердің жеке ісін ұсыну сервисі аясында Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Әділет министрлігі, Ғылым және білім министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ Бас прокуратура құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен біріктірілген.
Жаңалықтар
0