Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауға шынайы үлес қосты – СІМ

© REUTERS / Carlo AllegriБҰҰ логотипі
БҰҰ логотипі - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.03.2022
Жазылу
Қазақстанның бастамасымен 2018 жылы Терроризмнен азат әлем құру үшін әдеп кодексі әзірленді
НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Қазақстан сыртқы істер министрлігі елдің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанына 30-жыл толуына орай мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты әрі сенімді мүшесі ретінде 30 жыл бойы теңдестірілген, болжамды және сындарлы сыртқы саясатты жүргізіп келеді және өзекті халықаралық мәселелерді шешудегі БҰҰ-ның орталық рөлін толығымен қолдайды.
"Әлем бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып, Қазақстан бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға, қарусыздануға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін нығайтуға шынайы үлес қосты", - делінген хабарламада.
Қазақстан аумағындағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні – 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.
Қазақстан Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың тең құрылтайшысы. Қазақстанның бастамасымен барлық мемлекеттің ядролық қарусыз әлемге қадам басудағы жігері көрініс тапқан БҰҰ Бас Ассамблеясының "Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларация" қарары тұрақты негізде қабылданады.
1992 жылы Қазақстан БҰҰ мінберінен бүгінде Азияның 27 елін біріктіретін және қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің нақты факторына айналған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру туралы ұсыныс жасады.
Қазақстан терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі барлық 19 әмбебап конвенциялар мен хаттамаларды ратификациялады және БҰҰ-ның терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын жүзеге асыруға белсенді қатысуда. Қазақстанның бастамасымен 2018 жылы Терроризмнен азат әлем құру үшін әдеп кодексі әзірленді. Бүгінгі күні бұл құжатқа 89 мемлекет қосылды.
"2017 жылдан бері Қазақстан БҰҰ-ның ұзаққа созылған қақтығысты реттеудегі күш-жігерлерін қолдауға бағытталған Сирия бойынша Астана процесінің 17 раундын қабылдады. Қазақстан, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан өз азаматтарын, ең алдымен жүздеген балалар мен әйелдерді елге қайтарған алғашқы мемлекеттердің бірі болды", - деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Қазақстан әлемдік қауымдастықтың Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігеріне лайықты үлес қосуда. Ауғанстан халқына тұрақты түрде гуманитарлық көмек көрсетілуде, Қазақстанның оқу орындарында ауған жастарын, оның ішінде қыздарды оқыту бойынша ұлттық және халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Қазақстан төзімділік, өзара түсіністік және мәдени әртүрлілік идеологиясын ілгерілету өшпенділік пен кемсітушілікке қарсы күрестің кепілі екеніне сенімді.
БҰҰ Бас хатшысы, Өркениеттер альянсы және ЮНЕСКО басшылары қатысқан 2003 жылдан бері Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі конфессияаралық диалогтың үлгісі болып табылады. VII съезд 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстанда өтеді.
Еліміздің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайлануы Қазақстанның бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту саласындағы белсенді жұмысының нәтижесі саналады.
Биологиялық қауіптер саласындағы тәуекелдерді бақылау жүйесін күшейту, сондай-ақ биологиялық әзірленімдерді тек бейбіт мақсатта пайдалануды қамтамасыз етуге қолғабыс ету мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру жөніндегі бастаманы алға тартты.
Қазба отынына жоғары тәуелділікке қарамастан, Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуды және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға ОДМ ілгерілетуге қолғабыс көрсету мақсатында 2020 жылы "KazAID" Дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі агенттігі құрылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30 жылдығын тойлай отырып, Қазақстан Республикасы ұйымның жарғысына және халықаралық құқық қағидаттарына берік ұстанымын қайта растайды.
Жаңалықтар
0