Түркістандағы мектеп қазандығының жарылуына сапасыз көмір себеп болуы мүмкін

© Photo : Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментіТүркістан облысында мектеп қазандығы жарылды
Түркістан облысында мектеп қазандығы жарылды - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.02.2022
Жазылу
Жарылыс болған мектепке осы жылы газ қосу жоспарланып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан — Sputnik. Түркістан облысындағы Құрманғазы атындағы орта мектептің аумағында жарылыс болғаннан кейін "Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың адам өліміне әкелуі" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жарылыс кезінде пеш жағушы нысан ішінде болған. Жарылыс толқыны ер адамды сыртқа лақтырып жіберді. 58 жастағы ер адам алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Алдын ала болжам бойынша Ошақты ауылындағы жарылысқа білім ордасын жылыту үшін қолданылған сапасыз көмір себеп болуы мүмкін. Оқыс оқиғаның нақты себебі сараптамадан кейін анықталады.
Жарылыс кезінде оқушылар мен мұғалімдер қазандықтан 20 метр қашықтықта орналасқан ғимарат ішінде болған. Оларды бірден үйлеріне қайтарды. Қатты жарылыстан металл қазандық бөлініп кеткен. Жылумен жабдықтау қалпына келтірілгенге дейін оқушылар онлайн оқиды.
"Көз жұмған азаматтың отбасына қолдау көрсетеміз, заң бойынша қарастырылған барлық өтемақы төленеді. Біз мектепті газбен жылыту жүйесіне көшіру мәселесін бұған дейін де көтергенбіз", - деді Сайрам ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлжан Сапарбеков.
Түркістан облысында 906 мектеп қазандық арқылы жылытылады. Аумағында жарылыс болған мектепке осы жылы газ қосу жоспарланып отыр.
"Ошақтыға газ кіргізілген. Алайда мектепті әлі газға қоспады. Мораторий енгізілген еді. Бірақ қазір әлеуметтік нысандарды қосуға рұқсат берді. Осы жылдың көктемінде Ошақтыдағы мектепті газға қосуды жоспарлап отырмыз", - деді Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев.
Сонымен қатар еңбек инспекциясы пеш жағушының қайтыс болуына байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Ер адам үйленбеген, балалары жоқ және туыстарымен бірге тұрған.
Еске сала кетейік, 15 ақпан күні таңертең Ошақты елді мекеніндегі Құрманғазы атындағы орта мектептің аумағында жарылыс болды. Қайғылы оқиғаның салдарынан 1963 жылы туған пеш жағушы көз жұмды.
Жаңалықтар
0