Қоғам

Жеке куәлігін жоғалтқан жүздеген адам сан соғып қалды – министрлік ескерту жасады

© Sputnik / Тимур БатыршинЦентр обслуживания населения (ЦОН)
Центр обслуживания населения (ЦОН) - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.02.2022
Жазылу
Биыл қаңтар айында ғана 2,5 мың қылмыс тіркелген
НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаменті алаяқтың фактілердің көбейіп жатқанын ескертті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаевтың айтуынша, 2021 жылы Қазақстанда алаяқтық қылмыстардың саны 22,5 процентке өсіп, 41 мыңға дейін жетті.
Биыл қаңтар айында ғана 2,5 мың қылмыс тіркелген.
"Соңғы уақытта интернет-алаяқтық көбейіп барады. Әсіресе, хабарландыру арқылы халықты жиі алдайды. Тауар немесе қызметтің алдын ала төлемін жіберуді сұрайды да, артынан жоқ болып кетеді. Интернет-алаяқтықтың тең жартысы осылай жасалады. Мысалы, Павлодар облысында бір әйел OLX пен Крыша сайттарында пәтерлерді төмен бағаға жалға беремін деп, хабарландырулар жариялап отырған. Алдын ала төлемді әртүрлі есепшоттарға аударуды сұрады. Ал ақшаны алғаннан кейін барлық хабарландыруларды жойып, нөмірін өшіріп жүрген", - деді Дүйсетаев онлайн брифингте.
Екінші орында микроқаржы ұйымдарының сайты арқылы онлайн кредит рәсімдеу қылмыстары тұр.
Ондайда алаяқтар адамның жеке мәліметтерін пайдаланып, заңсыз кредит алып отырады.
"Мысалы, Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Семей қаласының тұрғынын ұстады. Ол әлеуметтік желіде жоғалған құжаттар туралы хабарландыруларды іздеп, сонда көрсетілген жеке мәліметтермен микро кредиттерге тапсырыс беріп отырған. Ал құжаты жоғалған адамдар заңсыз кредиттің рәсімделгенін білмей, жүре берген. Оларға қарызды төлеу мерзімі өтіп кеткеннен кейін ғана хабарлама түскен. Қазіргі кезде зардап шеккен 350-ден астам адам анықталды. Олардың атына жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын заңсыз кредиттер рәсімделген", - деп атап көрсетті Дүйсетаев.
Сонымен қатар жеке мәліметтерді алып, банк есепшотынан ақша ұрлау фактілері аз емес.
Алаяқтар көп жағдайда өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып жатады. Бұдан бөлек, кейбір адамдар жалған интернет сайтта отырғанын білмейді де, өз қолымен жеке мәліметтерін енгізіп жатады.
"Алаяқтар халықты сан алуан жобаларға ақша салуға да үндеп отырады. Инвестициялық табыс болады деп сендіреді. Алайда, шын мәнінде, ешқандай пайда түспейді. Ал адамдар барлық ақшасынан айырылады", - деді Дүйсетаев.
Жаңалықтар
0